Илон Маск негізін қалаған Neuralink компаниясы 2025 жылдың қазан айында АҚШ-та адамның ойын мәтінге айналдыратын технологияны сынақтан өткізуді бастамақ. Бұл туралы Bloomberg хабарлады, деп жазады Ozgeris.info.
Жобаға сөйлеу қабілеті бұзылған еріктілер қатысады. Оларға арнайы чип орнатылады. Ол адамның ойларын электрлік сигналдарға айналдырып, жасанды интеллект арқылы сыртқы құрылғыларға жеткізеді.
Neuralink президенті Диджей Соның айтуынша, болашақта мұндай чиптер адамның ойындағы сөзді ауызбен айтуға қарағанда тезірек оқуға мүмкіндік береді.
Мұндай импланттар, ең алдымен, нейродегенеративті аурулармен ауыратын немесе инсульт алған адамдарға арналған. Бұл науқастардың ойлау қабілеті сақталғанымен, кейбірі сөйлеу мүшелерін басқара алмайды.
Бұған дейін Илон Маск Neuralink чипі орнатылған еріктілер ой күшімен компьютерді басқара алатынын айтқан болатын. Олар мәтін теріп, интернетте сөйлесіп, тіпті бейнеойындар ойнай алады.
Маск сондай-ақ болашақта сал болып қалған адамдарды Tesla Optimus роботтарына қосу идеясын да ұсынған. Оның пікірінше, бұл адамдарға қозғалыс қабілетін қалпына келтіруге мүмкіндік беруі мүмкін.