Абай облысы

Абай облысында сарбаз ғимараттан секіріп кетті

Қазақстан Ұлттық ұланының ішкі істер министрлігіне қарасты әскери бөлімде төтенше жағдай орын алды. Шұғыл қызметтегі сарбаз өз бөлімінің үшінші қабатынан секіріп кеткен. Бұл туралы ozgeris.info сайты өңірлік «Оңтүстік» қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

 

Ресми мәліметке сүйенсек, оқиға 4 қазанда 5571 әскери бөлімінде болған. Жас сарбаз дереу ауруханаға жеткізіліп, тиісті медициналық көмек көрсетілуде.

 

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қызмет барысында дәрігерлер сарбазға «бейімделу бұзылысы» диагнозын қойған. Айтуларынша, ол әскерге шақырылмай тұрып жақын туысынан айырылған. Осыған байланысты оның әскер қатарында әрі қарай қызмет етуге жарамдылығын әскери-дәрігерлік комиссия қарастырып жатқан. Бейнебақылау жазбалары оқиғаға үшінші тұлғалардың қатысы жоқ екенін растаған.

 

Қазір бөлімде қызметтік тексеріс басталды, барлық мән-жай анықталуда.

 

Айта кетейік, өткен жылы күзде дәл осы әскери бөлімнің басқа бір сарбазы тапаншадан жарақат алған болатын. Ал көктемде Ұлттық ұлан академиясының курсанттары жаппай төбелес шығарып, бірнеше адам медициналық көмекке жүгінген еді.

Барлық жаңалық