Абай облысының Жарбұлақ ауылына жақын орналасқан Алакөл жағалауында қайғылы жағдай орын алды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Алынған деректерге қарағанда, 17 жастағы бозбала паром маңында құтқару желетінсіз суға түскен. Біраз уақыт өткен соң, оның батып бара жатқаны байқалған.
Жағдайды байқаған тағы бір азамат, құтқару желетін киіп, көмекке ұмтылған. Алайда суға батып бара жатқан жасөспірім үрейге бой алдырып, өзіне көмектеспек болған адамды да су астына тарта бастаған.
Кей мәліметтерге сүйенсек, бозбала паромнан алыстап жүзіп кеткен, бірақ аяқ-қолдары тартылып, әрі қарай жүзе алмай қалған. Соның салдарынан ол су астында қалып қойған.
Көпшіліктің көз алдында қайғылы жағдай орын алып, жас жігіт көз жұмды. Кейін оның денесін сүңгуірлер судан алып шықты.
Қазіргі таңда оқиғаға байланысты тергеу амалдары басталды. Катер иесіне қатысты қылмыстық іс қозғалған.