Жаңалықтар

"900 мың теңге жетпейді": Депутат Базарбек жалақысының аздығын айтты

"900 мың теңге жетпейді": Депутат Базарбек жалақысының аздығын айтты

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек айына алатын 900 мың теңге көлеміндегі жалақысы отбасылық шығындарын толық өтеуге жетпейтінін мәлімдеді. Бұл туралы халық қалаулысы Үкімет кулуарында журналистерге берген сұхбатында айтты деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Депутаттың сөзінше, қазіргі таңда азық-түлік пен түрлі қызметтер бағасының өсуіне байланысты бір миллион теңгеге жуық қаражаттың өзі отбасын асырауға аздық етеді. Ол кейбір әріптестерінің бес-алты бала тәрбиелеп отырғанын да тілге тиек етті.

«Бір баланы балабақшаға немесе қандай да бір үйірмелерге апару, киіндіру үшін кем дегенде 300 мың теңге кетеді. Азық-түлік бағасының өсіп жатқанын ескерсек, бір миллион теңге жетуі мүмкін емес. Мысалы, менің алатын 900 мыңнан астам жалақым жеке өзіме жетпейді. Сондықтан мен әйеліме де жұмыс істеуін өтіндім», – деді Бақытжан Базарбек.

Журналистердің депутаттардың жалақысын өсіруге қойылған мораторийді алып тастау және төлемдерді қайта қарау мүмкіндігі туралы сұрағына мәжілісмен бұл шешімді өзі қабылдамайтынын ескертті.

Алайда, ол қандай да бір өзгерістер болуы мүмкін екенін жоққа шығармаса да, қазіргі экономикалық жағдайда мұндай қадамға баруды «ақылға қонымсыз» деп бағалады. Депутаттың пікірінше, алдағы бес жыл көлемінде бұл мәселе қайта көтерілмеуі тиіс.

Барлық жаңалық