📰 Сарапшылар пікірі

88 теңгеден миллионға дейін: ақшаны қалай жинау керек?

Ui Alaiyq компаниясының басшысы, баспана алуға кеңес беретін маман Мадина Болатханқызы Baribar Media арнасындағы сұхбатында көп адамға таныс, бірақ көпшілігі елемей жүретін бір тәсілді айтып берді. Ол адамның табысы көп болсын, аз болсын, ең маңыздысы жинауды бастау екенін түсіндірді, деп жазады Ozgeris.info. 

Мадинаның айтуынша, адамның қалтасында қанша ақша бар, соның өзін депозитке салып қою әдетке айналса, біраз уақыттан кейін ойламаған жерден нәтиже көрінеді. Ол өз тәжірибесін мысалға алып, қалай жинағанын ашық айтты.

«Қолымда қанша бар, соны сала бердім. 5 мың бар ма, 10 мың бар ма, мен тіпті 300 мың, 600 мың, тіпті 88 теңгеге дейін салып тастаған жағдай болады. Қалтамда не бар, соны сала беретінмін депозитке. Содан кейін табыстан кішкене ақша жинасаңыз, бұ жерде сізге сенімділік керек. Депозитке қарасаңыз, 100 мың жиналып қалады. Мәселен, 100 мың жинап қойыппын. Енді мен 10 мыңнан емес, 15 мыңнан салайын, 20 мыңнан салайын деп өзіңізді өзіңіз шабыттандырады», дейді ол.

Мадинаның айтуынша, адам жинауды бастаса, күнделікті өмірдегі көптеген ұсақ шығындарға басқаша қарай бастайды.

«Бір қарасаң, фаст фудқа шыға қалғанда бір нәрсені ала бересің. Ойладым, апта сайын неге бара берем. Айына бір барайық дедім. Соның ақшасын салдым. Баламның сүндет тойы, туған күн, сүйінші деген сияқты бізде әртүрлі себеп көп қой. Қандай да бір ақша түссе, өзіме былай айтатынмын: міне, 5 мың теңге келді, бұл 5 мың теңге өмірімді өзгертпейді. Одан да депозитке салып тастайын. Солай қайта қайта салып отырдым», дейді кеңесші.

Ол алғашқы нәтижелерден кейін жинауға деген құлшыныс арта түсетінін айтады.

«Банктің берген сыйлықақысын көресің де, жинауға болады екен дейсің. Бір күні қарасаң, 500 мыңға жеткізіп қойыпсың. 500 мың жинадым. Мынаны мен жинадым екен, демек осындай ақшаны тағы да жинай аламын деп өзіңе мотивация бересің. Солай жүріп ақша жинаған болатынмын», дейді Мадина.

Бұл сөздерден бір нәрсе анық көрінеді. Ақша жинау үшін үлкен табыс, күрделі жоспар не қатаң талаптың қажеті жоқ. Бастысы – қалтада барды бүгіннен бастап жинауға дағдылану. Уақыт өте келе бұл әдет адамның ойлауын да, қаржылық тәртібін де өзгертеді.

Барлық жаңалық