Астаналық киберполицейлер 87 жастағы зейнеткерді алаяқтардың арбауынан аман алып қалып, оның 39 миллион теңгесін қайтарып берді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады, деп жазады Ozgeris.info.
Оқиға биыл тамыз айында болған. Белгісіз адамдар зейнеткерге мессенджер арқылы хабарласып, өздерін полиция мен Ұлттық банктің қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар қарияны «пәтеріңізді бөтен адамдар өз атына жаздырып, сатуға шығарып жатыр» деп сендірген. Сөйтіп, оны мүлкін сақтау үшін пәтерін өзі сатып, ақшаны «қауіпсіз есепшотқа» аударуға көндірген.
Алаяқтар өздерін ресми қызметкерлер ретінде көрсетіп, «қазір Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық банк қылмыскерлерді ұстауға арналған құпия операция жүргізіп жатыр» деген желеумен зейнеткерге ешкімге бұл туралы айтпауын қатаң ескерткен. Олардың сөзіне сеніп қалған ер адам риэлтор арқылы пәтерін сатқан. Түскен 39 миллион теңгені курьерге өз қолымен тапсырған.
«Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы – алаяқтық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жедел іздестіру шаралары кезінде полиция қылмысқа қатысы бар 23 жастағы ер адамның жеке басын анықтап, оны ұстады. Тексеру кезінде күдіктіден 39 миллион теңге табылып, тәркіленді. Қазір ол Астана қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторында отыр. Ал тәркіленген қаржы иесіне қайтарылды», делінген ІІМ мәлімдемесінде.
Биылдың басынан бері елордада үш мыңнан астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Полиция мәліметінше, мұндай қылмыстардың басты нысанасы егде жастағы азаматтар. Себебі олар көбіне қаржылық сауаттылығының төмендігінен алаяқтардың оңай олжасына айналады. Құқық қорғаушылар тұрғындарды мұндай қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуге шақырады.
«Полиция қызметкерлері ешқашан азаматтарға пәтерді сатуды, несие рәсімдеуді немесе ақшаны «қауіпсіз есепшотқа» аударуды сұрамайды. Осындай мазмұндағы қоңырау түссе, әңгімені дереу тоқтатып, ең жақын полиция бөлімшесіне хабарласу қажет. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қоғамда қаржылық және цифрлық сауаттылықты арттыру өте маңызды. Қарт адамдардың сенімін теріс пайдаланатын алаяқтар көбейіп барады. Сондықтан әр азамат күмәнді хабарламалар мен телефон қоңырауларына сақ болуы керек», дейді мамандар.