Қазақстан өнеркәсібі мен құрылыс саласында заман ағымына сай 75 жаңа мамандық енгізілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және құрылыс вице-министрі Иран Шархан айтты, деп жазады Ozgeris.info.
«Бүгінгі таңда біздің министрлік жетекшілік ететін салалар бойынша 75 жаңа мамандық бар. Бұл салаларға 40 мыңға жуық маман қажет», деді ол.
Мысалы, металлургия мен тау-кен өндірісінде – смарт жүйе әзірлеуші, роботтандырылған техника операторы, машина жасауда – виртуалды прототип жасаушы, ал құрылыста – Big Data талдаушысы мен «ақылды үй» жобалаушысы сынды жаңа мамандықтар сұранысқа ие.
«Бизнес процестерді автоматтандыруға байланысты 40-тан астам мамандық жаңарып жатыр», деді Иран Шархан.
Биыл іске қосылатын 190 инвестициялық жобамен қатар, тағы 8 жаңа мамандық қосылады. Арасында 3D басып шығару инженері мен роботтандырылған бояу жүйесі операторы бар.
«Қол еңбегі біртіндеп автоматтандырылған жүйеге ауысып жатыр. Бұл – жұмысшы мамандықтары туралы түсінікті түбегейлі өзгертетін кезең», деді вице-министр.