Елімізде кім көбірек табыс табады? Бұл сұрақтың жауабы биылғы алғашқы тоқсанда анықталды. Атырау мен Маңғыстау облыстары орташа жалақы бойынша өзгелерден озып тұр, деп жазады Ozgeris.info.
Атырауда бір айлық жалақы 634 мың теңге, Маңғыстауда 621 мың теңге. Үштікті Ұлытау облысы түйіндейді, мұнда орташа айлық табыс 599 мың теңге.
Ал ел бойынша орташа жалақы 423 мың теңге. Бұл былтырмен салыстырғанда 9,2%-ға артық. Жалақы көбейді, бірақ бәрі мәз емес. Өйткені нақты жалақы — яғни инфляцияны есепке алғандағы табыс кей өңірде керісінше төмендеген. Мысалы, Батыс Қазақстанда адамдардың нақты табысы 5,2%-ға азайған. Атырауда 3,9%, Маңғыстауда 0,8% кеміген. Себебі тауар мен қызмет бағасы өсіп жатыр, ал жалақы соған ілесе алмай келеді.
Ең төменгі жалақы Солтүстік Қазақстанда, 300 мың теңге, Жетісу мен Жамбылда шамамен 308 мың теңге.
Жаңалықтың бір жақсысы, шілдеден бастап су шаруашылығында жұмыс істейтіндердің айлығы 50%-ға дейін өседі.