Қарағанды облысы құқықтық сауаттылыққа жаңа қадам басты. Бұл тек облыс аумағында емес, елдің түпкір-түпкіріне қолжетімді платформа. Алғашқы үш ай ішінде 5000-нан аса өтініш келіп түскен сервис туралы Ozgeris.info тілшісі зерттеп білді.
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті мен ItByDesign атты IT-компания бірігіп, елімізде алғаш рет жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін тегін заңгерлік онлайн-сервисті іске қосты. LegalExpert.kz деп аталатын бұл жоба Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен жасалған. Қазір облыста ғана емес, барша қазақстандыққа қолжетімді. Енді еңбек дауы, ажырасу, алимент, айыппұл, әкімшілік немесе азаматтық дау секілді күнделікті құқықтық мәселелер бойынша кәсіби заңгерге бармай-ақ, бірнеше минут ішінде нақты, түсінікті жауап алуға болады.
Сервистің жұмысы өте қарапайым дейді мамандар. Сайтқа кіріп, электрондық пошта арқылы тіркелесіз де, сұрағыңызды өз сөзіңізбен жаза саласыз. Ар жағында жасанды интеллект сіздің жазғаныңызды талдайды, қажет болса нақтылап сұрайды, сосын 2-3 минуттың ішінде дайын жауап береді. Жауап жай ғана құрғақ мәтін емес, нақты не істеу керек екені көрсетілген кеңестер жинағы. Тіпті заң баптарына сілтеме де береді. Ұқсас сұрақтардың бұрын қалай шешілгені туралы мысалдар да келтіреді. Ең бастысы, бәрі қарапайым тілде жазылған, құқықтық сауаттылығы төмен азаматқа да түсінікті. Қызмет қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді.
Сервис іске қосылған алғашқы үш ай ішінде 5000-нан астам сұраныс түскен. Қолданушылардың басым бөлігі Қарағанды мен Теміртаудан, еліміздің басқа өңірлерінен де көмекке жүгінгендер жеткілікті. Өтініш білдірушінің орташа жасы – 34 жаста, 60 пайызы-әйел адамдар. Ең жиі қойылған сұрақтардың қатарында еңбек құқығы, яғни, жалақының төленбеуі, жұмыс берушімен келіспеушілік, еңбек шарттары. Келесі орында-ажырасу, алимент секілді отбасылық мәселелер. Платформа әрбір сұранысты орта есеппен 2,5 минутта өңдейді екен.
Жобаның экономикалық мәні де зор. Мысалы елімізде заңгердің кеңесіне жүгіну кемінде 5000 теңге. Мамандардың айтуынша, жылына 1 миллионға жуық өтініштер түседі, егер аталмыш сұрақтардың 70 пайызы осы платформа арқылы шешілсе, халық 3,5 миллиард теңге үнемдейді. Осылайша, қарапайым адамдардың қалтасын қақпайды дейді сарапшылар. Мемлекет те ұтып отыр. Соттардың, мемлекеттік органдардың заң бөлімдерінің жұмысы жеңілдейді. Қарағанды облысының өзінде 2023 жылы қаралған 15 000 азаматтық істің 6000-ы дәл осы сервис арқылы шешілуге болатын стандартты даулар.
LegalExpert.kz жобасын жасаған команда соңғы 10 жылдағы 100 000 сот ісін талдап, соның негізінде алгоритмді үйреткен. Сондықтан жүйе қолданушы сұрағын 92 пайыз дәлдікпен танып, дұрыс бағыт бере алады. Бұл әлемдік деңгейдегі көрсеткіш. Болашақта бұл көрсеткішті 5-7 пайызға жақсарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, ағылшын тілін қосу, халықаралық сот тәжірибесін талдау, құжат дайындау функциясын енгізу секілді нақты жоспарлар бар.
Cервис әсіресе ауыл тұрғындары үшін аса қажет. Себебі, құқықтық сауаттылық деңгейі елімізде әлі де төмен. Әділет министрлігінің мәліметінше, азаматтардың тек 30 пайызы ғана заң негіздерін біледі. Ал ауылдарда бұл көрсеткіш небәрі 15 пайыз. Қарағанды облысының өзінде халықтың 40 пайызы ауылдық жерде тұрады. Олар үшін LegalExpert.kz өмірінде алғаш рет заң кеңесін алған құрал болуы мүмкін. Үш ай ішінде тіркелген сұраныстардың 20 пайызы дәл осы ауылдардан түскен.
Мамандардың айтуынша, жүйені әлі жетілдіру керек. Мысалы, күрделі, ерекше жағдайларда алгоритм нақты кеңес бере алмайды, ондайда кәсіби заңгерге жүгінген дұрыс. Кейбір істерде істің нәтижесін болжау дәлдігі 85 пайызбен шектеледі, ал бұл тәжірибелі заңгерлердің 95 пайызына жете қоймайды. Сонымен бірге, интернетке қолжетімділік деңгейі төмен. Екі миллионға жуық адам тұрақты интернетке қосыла алмай отыр. Осыны ескеріп, Қарағанды облысының әкімдігі LegalExpert.kz сервисін қолжетімді арнайы терминалдарды халық көп жиналатын жерлерге орнатуды жоспарлап отыр.
LegalExpert.kz әлемдік деңгейге жете алатын жоба. Мысалы, АҚШ-та DoNotPay, Ұлыбританияда RightNow сияқты платформалар жыл сайын жүздеген мың сұранысты өңдейді. Бірақ олардың бәрі ақылы. Ал LegalExpert.kz барлық адам үшін тегін. Бұл үлкен артықшылық. Әзірге база көлемі шектеулі (100 000 іс), бірақ бұл көрсеткішті өсіру де жоспарға енген.
Жобаны жүзеге асыру үшін әкімдік 50 миллион теңге, университет 20 миллион теңге бөлген. Биыл жеке инвесторлардың қолдауымен тағы 100 миллион теңге тарту көзделіп отыр. Бұл қаржы серверлік қуатты күшейтуге, алгоритмді жетілдіруге, базаны жаңартуға жұмсалмақ. 2027 жылға қарай жүйе өзін-өзі ақтайтын деңгейге жетуі мүмкін. Ол үшін премиум қызметтер (мысалы, сұранысты жедел өңдеу немесе құжат дайындау) және заң фирмаларының жарнамасы қосылады.