Өскемен қаласының бұрынғы әкімі, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің экс-орынбасары Жақсылық Омарқа қатысты үкімге прокуратура түсініктеме берді деп жазды ozgeris.info сайты yk-news.kz порталына сілтеп.
Қаланың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты оны бірқатар сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары бойынша кінәлі деп таныды. Атап айтқанда, қызметтік өкілеттігін пайдаланып алаяқтық жасау және пара алу деректері дәлелденген.
Прокуратура мәліметінше, мұндай қылмыстар мемлекеттік қызметтің негізіне және қоғам сеніміне нұқсан келтіреді. Мемлекеттік айыптау тарапы соттан заңда көзделген ең қатаң жазаны сұраған және сот бұл ұстанымды қолдады.
Нәтижесінде бұрынғы шенеунік 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар, қадағалау органы:
— сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша сотталғандарға амнистия мен шартты түрде мерзімінен бұрын босату қолданылмайтынын;
— үкімнің әлі заңды күшіне енбегенін және тараптар оны апелляция тәртібімен даулауға құқылы екенін атап өтті.