✅ Пайдалы

5 жастағы балаға 235 920 теңге беріледі

2020 жылы туған балаларға мемлекет ақша бөледі. Бала 5 жасқа толғанда оның атына 235 920 теңге аударылады. Бұл ақша «Келешек» бағдарламасы арқылы беріледі, деп жазады Ozgeris.info.

Ата-ана осы қаражатты алу үшін Отбасы банкінде AQYL депозитін ашып қоюы керек. Егер депозит ашылмаса, ақша түспейді. 6 жасқа толған балаларға мұндай мүмкіндік жоқ.

Мемлекет берген ақшаны сақтау үшін ата-ана жыл сайын жарна салып тұруы қажет. Жарнаның ең төменгі мөлшері 24 АЕК. 2025 жылы ол 94 368 теңге болады. Бұл ақшаны бірден де, жыл бойы бөліп-бөліп те төлеуге болады. Егер төлем жасалмаса, мемлекет берген 235 920 теңге кері қайтарылады.

Әлеуметтік осал топтағы балалар үшін жарна екі есе аз. Ол 12 АЕК. Бұл шамамен 47 184 теңге. Бірақ бұл санаттағы ата-аналар жарна төлеуге міндетті емес.

Жиналған қаражат кейін баланың оқу ақысын төлеуге жұмсалады. 2025 жылдың бірінші жартысында 5 жасқа толған балаларға ақша аударылды. Ал екінші жартыжылдықта 5 жасқа толатындардың қаржысы 2026 жылдың ақпанында түседі.

AQYL депозитін ашу оңай. Оны банк сайты арқылы, мобильді қосымша арқылы, банк бөлімшесіне барып, кеңесші көмегімен немесе видеоқоңырау арқылы рәсімдеуге болады.

Барлық жаңалық