Қарағанды облысының тәртіп сақшылары "Арлан" арнайы жасағымен бірлесіп, өңірдегі пәтер ұрлығымен айналысқан 35 пен 39 жас аралығындағы үш күдіктіні қолға түсірді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Олар барлық әрекеттерін алдын ала сөз байласып, нақты жоспарланған схема бойынша жүзеге асырып отырған.
Жыл басында аталған азаматтар Лобода көшесінде орналасқан тұрғын үйлердің біріне терезе мен темір қоршауды бұзу арқылы заңсыз кірген. Күдіктілер үй ішінен қырыққа жуық алтын мен гауһар тасты әшекейді, күзен тонды және ноутбукты жымқырып кеткен.
Бұл қылмыстың салдарынан жәбірленушіге 20 миллион теңгеден астам материалдық шығын келді. Қазіргі уақытта аса ірі көлемдегі ұрлық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына жабылды. Полиция қызметкерлері жан-жақты тергеу амалдарын жүргізе отырып, олардың аймақтағы өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.