🌐 Әлем

40 градусқа жуық ыстық: Салқындамақ болған 13 адам суға кетіп ажал құшты

40 градусқа жуық ыстық: Салқындамақ болған 13 адам суға кетіп ажал құшты

Францияның оңтүстік-шығысында орналасқан Карпантрас қаласында қайғылы оқиға тіркелді. Ауа температурасы 39 градустан асқан шақта, жабық автокөліктің ішінде қалып қойған екі және төрт жастағы екі бүлдіршін көз жұмды. Тергеудің алдын ала нұсқасына сәйкес, балалардың өліміне ыстық өтуі себеп болған, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Табиғаттың тосын мінезі басқа аймақтарда да қайғылы жағдайларға әкеп соқты. Мәселен, Бордо өңірінде жоғары температураға төзе алмай, денсаулығы сыр берген үш қарт кісі қайтыс болды. Одан бөлек, аптаптан қорғанып салқындамақ ниетпен су қоймаларына түскен 13 адам суға кеткен.

Ахуалдың күрделенуіне байланысты Франция билігі елдің 49 департаментінде қауіптің ең жоғары деңгейін жариялады. Адам өміріне төнген қатер мен техникаға түскен ауыр салмаққа бола Еуропа елдерінде бірқатар шектеулер қабылданды. Атап айтқанда, мектептер жабылып, кейбір пойыз бағыттары тоқтатылды, сондай-ақ ашық аспан астында өтетін спорттық трансляцияларды ұйымдастыруға тыйым салынды.

Метеорологтар мұндай қалыпсыз ыстықты Сахара шөлінен келген антициклонмен байланыстырып отыр. Ол Африкадан жеткен аптап ауаны Еуропаның орталық және батыс бөлігінде ұстап тұр.

Барлық жаңалық