Жаңалықтар

30 млн теңгеге бағалануы мүмкін: Президент сыйлаған сағат сатылмайтын болды

30 млн теңгеге бағалануы мүмкін: Президент сыйлаған сағат сатылмайтын болды

Қазақстандық тазы өсіруші Анна Захарова Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыйлаған қолсағатты сатпайтын болды. Оның айтуынша, бұл бұйым Мемлекет басшысымен кездесуден қалған ерекше естелік саналады, деп хабарлайды Ozgeris.info

Бұған дейін Захарова сағатты 2 млн 899 мың теңгеге сатылымға шығарған еді. Сондай-ақ бұйымның түпнұсқа екенін растайтын тиісті құжаттары бар екені айтылған.

Анна Захарова қолсағатты 2023 жылы Наурыз мерекесі кезінде Президенттен сыйға алған. Сол кездесуде ол Қасым-Жомарт Тоқаевқа бір жарым айлық тазы күшігін тарту еткен. Өз кезегінде Мемлекет басшысы тазы өсірушіге қолтаңбасы қойылған сағат табыстаған.

Алғашында Захарова сағатты тақпайтынын айтып, оны коллекционерлерге сатуды ұйғарған. Ол уақыт өте келе бұйымның бағасы артып, алдағы он жылда 30 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін екенін де болжаған.

Алайда сатылым туралы ақпарат қоғамға тарағаннан кейін тазы өсіруші шешімін өзгертіп, Президент сыйлаған сағатты өзінде қалдыратынын мәлімдеді.

«Бұл жағдайға қатысты түсініктеме бергім келеді. Ең алдымен, бұл сыйлықтың мен үшін әрқашан ерекше құндылығы болғанын атап өткім келеді. Сағатты алған сәттен бастап оны жай ғана зат ретінде емес, Мемлекет басшысымен жеке кездескен маңызды әрі ерекше оқиғадан қалған естелік сыйлық ретінде қабылдадым», – деді Анна Захарова.

Осылайша, ол қолсағатты сатудан бас тартып, Президентпен кездесуден қалған естелік ретінде сақтауға шешім қабылдады.

 

Барлық жаңалық