📰 Сарапшылар пікірі

30-дан кейін инвестиция жасау кеш пе?

30-дан кейін инвестиция жасау кеш пе?

Көпшілік 30 жастан асқан соң қаржылық болашағы туралы ойлануды кейінге қалдырып жатады. «Әлі ерте», «алдымен қазіргі мәселелерді шешіп алайын» деген түсінік басым. Шын мәнінде дәл осы кезең – инвестицияны бастау үшін ең маңызды уақыт. Өйткені бұл жаста адамның табысы тұрақтанып, өмірлік бағыты айқындала бастайды. Бірақ дәл осы уақытта жіберілген кідіріс болашақтағы қаржылық жағдайға тікелей әсер етеді, деп жазады Ozgeris.info.

 

Инвестор Аман Әлімбаевтың айтуынша, инвестицияны кешіктіру – ең үлкен стратегиялық қателіктердің бірі. Себебі қаржылық капитал бір күнде емес, жылдар бойы қалыптасады.

 

«30-40 жас аралығында адамдар көбіне зейнетақы немесе ұзақ мерзімді жинақ туралы ойлағысы келмейді. Себебі күнделікті тіршілік, отбасы, баспана, несие сияқты мәселелер алдыңғы орынға шығады. Бірақ ғылым тұрғысынан дәл осы кезең – инвестицияны бастау үшін ең тиімді уақыт. Бұл үш негізгі факторға байланысты: күрделі пайыз, тәуекел сыйақысы және адами капитал. Осы үш фактор бірге жұмыс істегенде ғана ұзақ мерзімді нәтиже береді. Егер осы кезеңде бастамасаңыз, кейін бәрін “қуып жету” әлдеқайда қиын болады», дейді сарапшы. 

Инвестицияның негізі – күрделі пайыз

Қаржы әлеміндегі ең қуатты құрал – күрделі пайыз. Бұл – сіз салған ақшаға есептелген табыс қайта инвестицияланып, жаңа табыс әкелетін жүйе. Уақыт өткен сайын бұл механизм күшейіп, қаржының өз-өзін «өсіретін» деңгейге жетеді.

 

«Егер адам инвестицияны зейнетке дейін 20-25 жыл бұрын бастаса, тіпті аз ғана тұрақты салымдардың өзі айтарлықтай капиталға айналады. Себебі негізгі табысты сіздің салған ақшаңыз емес, сол ақшаның үстінен жиналған пайыз әкеледі. Яғни, уақыт өткен сайын капиталды сіз емес, уақыттың өзі өсіреді. Ал кеш бастаған жағдайда бұл мүмкіндік күрт азаяды. Себебі күрделі пайыздың жұмыс істеуі үшін ең басты ресурс – уақыт. Уақыт қысқарған сайын, оның әсері де әлсірейді», – деп түсіндіреді Аман Әлімбаев.

Picture background

 

Тәуекел сыйақысы: қорыққан адам ұтады ма?

 

Қысқа мерзімде инвестиция әрдайым тұрақты болмайды. Қаржы нарығы өседі де, төмендейді де. Бірақ ұзақ мерзімде бұл ауытқулар тегістеліп, табысқа айналады.

 

«Қор нарығы қысқа кезеңде құбылмалы болуы мүмкін. Бірақ 15-20 жылдық аралықта оң нәтиже алу ықтималдығы 100 пайызға жақындайды. Бұл – тарихи деректермен дәлелденген. Яғни, уақыт өткен сайын тәуекел азайып, табыс тұрақтанады. Сондықтан инвестициядан емес, уақытты өткізіп алудан қорқу керек. Қысқа мерзімдегі құлдырау – қалыпты жағдай, ал ұзақ мерзімде жүйелі инвестиция міндетті түрде нәтиже береді», дейді сарапшы.

 

Көп адам капиталды тек ақша деп түсінеді. Ал шын мәнінде ең үлкен капитал – адамның еңбек ету қабілеті мен болашақтағы табысы.

 

«Жас кезде адамның негізгі капиталы – жинаған ақшасы емес, алдағы ондаған жыл бойы табатын табысы. Сол табыстың бір бөлігін инвестицияға бағыттау арқылы адам қаржылық капитал қалыптастырады. Бұл – болашаққа салынған ең тиімді инвестиция. Ал кеш бастаған сайын бұл мүмкіндік азая береді. Себебі жұмыс істейтін уақыт қысқарады, табыс әлеуеті төмендейді. Сондықтан ерте бастау – шешуші фактор», дейді Аман Әлімбаев.

Picture background

 

Қанша ақша жинау керек?

Қаржы сарапшыларының негізгі қағидасы – табыстың белгілі бір бөлігін жүйелі түрде жинақтау. Бұл зейнетке шыққанда қазіргі өмір сүру деңгейін сақтауға мүмкіндік береді.

 

«Егер адам 25-30 жасында бастаса, ай сайын табысының шамамен 10 пайызын жинау жеткілікті. 35 жаста бұл көрсеткіш 15 пайызға дейін өседі. Ал 45 жастан кейін кемінде 20-25 пайыз жинау қажет. Яғни уақыт өткен сайын жүктеме артады. Көпшілік осыны түсінбейді, кеш бастаған сайын көбірек жинауға тура келеді. Сондықтан ең тиімді жол – ертерек бастау», дейді сарапшы.

 

Неге көп адам инвестициядан нәтиже көрмейді? Бүгінде инвестиция туралы ақпарат тым көп. Әлеуметтік желілер, жарнамалар, «сарапшылардың» кеңестері – бәрі араласып кеткен. Бұл адамдарды шатастырып, қате шешімдерге әкеледі.

 

«Қазір инвестиция деген сөздің мағынасы бұрмаланып кеткен. Біреу өзіңе инвестиция жаса дейді, біреу жылдам байып кетудің жолын ұсынады, енді бірі 100 пайыз кепілдендірілген табыс уәде етеді. Мұның бәрі адамдарды адастырады. Көпшілік алғашқы табыстан кейін шабыттанып, не істеп жатқанын толық түсінбей-ақ ақша сала бастайды. Ал алғашқы сәтсіздіктен кейін керісінше инвестициядан мүлде бас тартады. Тағы бір топ бар – олар жылдар бойы дайындалып, дұрыс сәтті күтіп жүріп, мүлде бастамайды. Нәтижесінде ақша да жоқ, уақыт та кеткен», дейді Аман Әлімбаев.

 

Сарапшы мұндай жағдайлардың салдары ауыр болатынын да атап өтті. Кей жағдайда адамдар ақша жоғалтады, жүйкесі жұқарады, уақытын босқа өткізеді. Тіпті отбасылық мәселелерге дейін барып жатады. Ал ең өкініштісі – зейнет жасына келгенде табыс өсімі тоқтап, жинақ болмағаны анықталады. Бұл – ең қауіпті сценарий.

 

Picture background

 

Тәжірибе не дейді?

Аман Әлімбаев бірнеше жыл бойы қаржы кеңесшісі ретінде жүздеген адаммен жұмыс істеген. Оның айтуынша, табысқа жеткендердің бәрін бір нәрсе біріктіреді – жүйелілік.

 

«Мен 2019 жылдан бері 500-ден астам адамға кеңес бердім. Олардың көбімен 4-6 жыл бойы бірге жұмыс істеп келемін. Солардың ішінде нақты нәтиже көрсеткендері – стратегиядан ауытқымағандар. Нарық құбылып тұрса да, қорқыныш болса да, олар жоспарын сақтады. Кейде бәрін сатып, ақшаны қолма-қол ұстап отыруға азғырылса да, бұл қадамға бармады. Соның арқасында олар біртіндеп капитал жинады. Бұл – кездейсоқ емес, бұл – тәртіптің нәтижесі», дейді сарапшы.

 

Демек инвестиция – бір сәттік шешім емес, өмірлік стратегия. 30 жастан кейін бастау кеш емес, керісінше ең дұрыс уақыт. Ең бастысы – күтпей, әрекет ету. Қаржы нарығында «идеалды сәт» болмайды. Бар нәрсе – бүгінгі мүмкіндік пен ертеңгі нәтиже. 

 

Барлық жаңалық