Қостанай облысында мал шаруашылығына бөлінген 2,5 млрд теңгеден астам субсидияны жымқырған ірі қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Іс материалдарына сәйкес, 2021 жылдың желтоқсаны мен 2023 жылдың маусымы аралығында ұйымдасқан топ мемлекеттен бөлінген қаражатты заңсыз иемдену схемасын жүзеге асырған.
Тергеу барысында топтың әрекеті толық әшкереленген.
«Сотта анықталғандай, сотталушылар жалған құжаттар рәсімдеу арқылы субсидияларды заңсыз алған», — делінген материалдарда.
Атап айтқанда, «BEEF EXPORT GROUP» ЖШС ет комбинатының қуаттылығы талапқа сай болмаса да, құжат жүзінде көрсеткіштер қолдан жасалып, 1,1 млрд теңгеден астам инвестициялық субсидия алынған.
Сонымен қатар, шаруа қожалықтары талапқа сай келмейтін немесе мүлде жоқ малды өткізген болып көрсетіліп, жүздеген миллион теңге субсидия заңсыз рәсімделген.
«Қағаз жүзіндегі мал үшін төлемдер жүргізілген», — деп көрсетілген іс материалдарында.
Одан бөлек, ет өңдеу кәсіпорнына жалған өнім өткізілгені үшін тағы 1 млрд теңгеден астам қаражат алынған.
Сот үкімімен 30 адам кінәлі деп танылып, 2 жылдан 14 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Бірқатар сотталушыларға өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды, ал кейбіріне басшылық қызмет атқаруға шектеу қойылды.
Сондай-ақ сот заңсыз алынған қаражатты мемлекет пайдасына өндіріп, «BEEF EXPORT GROUP» компаниясының есепшоттарынан миллиондаған қаржы тәркілеу туралы шешім шығарды.
Айта кетейік, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.