Әбубәкір Ынтықбаев бүгінде өз замандастары арасында ерекше көзқарасымен танылып жүр. Ол 22 жасында алғашқы 1 миллион долларын тапқан, деп жазады Ozgeris.info.
Digital Business сұхбат алған бұл жігіт қор нарығы үшін өз бетінше индикатор жасап шығарған. Қазір акцияларға инвестиция салып, бір бөлігін депозитке орналастырып, ұзақ мерзімді капитал жинау стратегиясын жүргізіп келеді. Бірақ оның ең басты мақсаты, қартайғанда мемлекетке арқа сүйемей, өз еңбегімен жинаған қаражатына өмір сүру. Әбуәкір алғашқы рет ақша жинау туралы 12-13 жасында ойлаған. Себебі сол кезде туыстарының көбі зейнетке шығып, қиындық көре бастаған.
«Әкем жағынан бір ағайым бар. Ол жақында зейнетке шықты. Ай сайын 140 мың теңге алады. Жұбайы да зейнет жасында, екеуінің табысы 280 мың теңге шамасында. Бірақ төрт баласы бар, бәрі кішкентай. Бұл ақшаны коммуналдық қызметке, тамақ пен киімге жеткізу қиын. Үйі болмаса, пәтер жалдауға мүлде жетпес еді. Сондықтан көп зейнеткер амалсыздан қосымша жұмыс істейді. Бірі таксиге шығады, енді бірі шағын кәсіп ашады», дейді Әбуәкір Digital Business-ке берген сұхбатында.
Оның алғашқы табыс табуға талпынысы криптовалютадан басталған. Он екі жас шамасында туған күнге берілген ақшаны жинап, бес-алты мың теңгеге биткоин сатып алған. Оны әкесінің танысы арқылы алған. Бірақ көп ұзамай сол биткоин сақталған флешка жоғалған. Сол кезде салған ақшасынан айырылып қалған. Бұл жағдай оның алғашқы инвестициялық тәжірибесі болған. Нәтижесінде ол ақшаны жоғалтса да, тәуекел мен жауапкершіліктің не екенін ерте түсінген.
Ол 2019 жылдан бастап инвестицияны байыппен қолға алған. Сол жылы ол Канадада тұратын Алекс есімді инвестормен танысқан. Екеуі онлайн сөйлесіп, тәжірибе алмасқан. Алекс оған өзінің сауда шотын көрсеткен. Онда 5 миллион доллар бар еді. Алғашында сенбеген. Бірақ бұл жағдай оның көзқарасын түбегейлі өзгерткен. Сол сәттен бастап ол қаржы нарығын терең түсінуге және сабырмен әрекет етуге тырысқан.
Ол ең алдымен өзін тексеру үшін 100 долларлық тест шот ашқан. Бастапқыда алтынмен сауда жасап көрген. Әртүрлі құралдарды сынаған. Бір айдың ішінде 100 долларды 300 долларға жеткізгенде өзі де таңғалған. Сол кезде нарықты ойын емес, нақты жүйе ретінде түсіну керек екенін ұққан.
«Сол сәтте нарықтың ойын емес, нақты жүйе екенін түсіндім. Кейін акцияларға қызыға бастадым. Компаниялардың қаржылық есебін талдап, олардың бағасын анықтайтын онлайн калькулятор таптым. Бұл құрал компанияның тоқсандық және жылдық есептерін сараптап, оның арзан не қымбат екенін көрсететін. Apple мен Alibaba акциялары сол кезде төмен бағаланған болып шықты. Есептерін өзім тексеріп, олардың өсу әлеуеті жоғары екенін көрдім. Маған ерекше әсер еткен жағдай Apple компаниясының акцияларды бөлшектеуі болды. Егер компания мұндай қадамға бармаса, олардың бір акциясы мыңдаған доллар тұрар еді. Ал бөлшектенгеннен кейін бағасы түсіп, көпшілікке қолжетімді болды. Осы кезде мен дер кезінде шешім қабылдап, үш-төрт айдың ішінде отыз пайыз пайда көрдім. Бұл менің инвестицияға деген сенімімді күшейткен алғашқы үлкен табысым болды», дейді жас инвестор.
Айтуынша, ен ең алғаш ірі сауда жасауға дайын болған кезде ең үлкен қиындық – бастапқы капитал табу. Ақша болмады, бірақ сенім мен жоспар бар еді. Сол кезде анасы көмектескен екен. 2019 жылы ол Subaru көлігін он мың долларға сатты. Сол ақшаны өз жауапкершілігіне алуға рұқсат сұрайды. Сөйтіп Kiplar арқылы брокерлік шот ашқан. Сол он мың долларды толықтай Apple мен Alibaba акцияларына салған.
«Сол кезде Apple акциясы шамамен елу бес доллар шамасында еді, ал жыл соңына қарай жетпіс долларға жетті. Alibaba акциясы жүз елу мен жүз алпыс доллардың аралығында болды, ал желтоқсан айында екі жүз бес долларға көтерілді. Үш-төрт айдың ішінде менің портфелім он мыңнан он төрт мың долларға дейін өсті. Сол сәт мен үшін шешуші кезең болды. Сол кезде мен түсіндім, инвестиция кездейсоқ сәттілік емес, нақты есеп пен стратегияның нәтижесі. Содан кейін мен инвестицияны табыс көзі ретінде емес, жүйелі өмір салты ретінде қабылдадым. Ақша бос жатпауы керек. Ол жұмыс істеп, жаңа табыс әкелуі қажет. Сондықтан мен кейін де үнемі ақшаны айналымда ұстап, депозит пен акция арасында теңгерім табуға тырыстым. Бір күні анама табысымды көрсеттім. Он төрт мың доллар болды. Ол қуанды, бірақ ақшаны тимей, сақтап қоюды ұсынды. Мен тағы да досым Алексқа хабарластым. Оған жағдайды айтып, кеңес сұрадым. Алекс Alibaba акциясын қайта сатып алуға кеңес берді. Ол маған: «Премаркетке дейін ордер қой. Нарық ашылмай тұрып тапсырыс бер» деді. Мен солай жасадым. Бұл жолы мен тәуекелге бардым. Кредиттік иық деген ұғым бар. Егер сенің шотыңда он мың доллар болса, брокер саған жүз мың долларға дейін сауда жасауға мүмкіндік береді. Қалған тоқсан мың долларды брокер уақытша қарызға береді. Бұл – үлкен мүмкіндік, бірақ үлкен жауапкершілік те. Сол күні біз жүз мың долларлық позиция аштық. Алекс сауда ашылған бойда мәмілені бір секундта жабу керегін айтты. Бірақ мен аздап кідіріп қалдым. Түсінбей, тағы да нақтылағым келді. Нәтижесінде мәміле шамамен бір минуттан кейін жабылды. Бірақ сол бір минут менің пайдама шешілді. Акциялар сол сәтте өсіп кетті. Егер мен Алекс айтқандай ертерек жапсам, табысым жеті жүз доллар ғана болар еді. Ал бір минут күткенімнің арқасында табыс екі мың долларға жетті. Осылайша менің жалпы балансым он алты мың доллар болды. Сол ақшаның бір бөлігіне анаммен бірге жаңа көлік алдық. Бұл жолы он мың емес, он алты мың доллардың көлігі. Сол сәт мен үшін үлкен сабақ болды. Инвестиция тек пайда туралы емес, шешім қабылдау жылдамдығы мен салқынқандылық туралы екенін түсіндім. Кідіріп қалу да кейде сәттілікке әкелуі мүмкін. Бірақ әр әрекет есепке сүйенуі керек. Сол күннен бастап мен эмоциямен емес, нақты жоспармен жұмыс істеуді үйрендім», дейді Әбубәкір.
Солай жас кәсіпкер команда жинап, нарықты терең зерттеуден бастаған. Олар криптовалюта мен қор нарығына арналған жеке стратегия жасаған. Бұл әдіс Microsoft пен Apple сияқты ірі компаниялардың акцияларын талдауға да қолданылады. Стратегия тиімділігін тексеру үшін Әбубәкір мен командасы соңғы он жылдағы нарық деректерін зерттеп, жүйені сынақтан өткізген. Жобаны әзірлеуге екі жыл кеткен. 2023 жылдың соңына қарай алғашқы жұмыс істейтін нұсқасы дайын болды. 2024 жылдан бастап жүйе нақты саудада қолданылып келеді. Осыдан кейін Әбубәкір Канадада хедж-қор құрған. Оның айтуынша, жеке ботты іске қосу тек техникалық емес, қаржылық тұрғыдан да үлкен сынақ болған. Жобаны жасау мен тестілеуге шамамен бес жүз мың доллар жұмсалған. Оның ішінде елу-алпыс мың доллары бағдарламашылардың еңбекақысы мен серверлік шығындарға кеткен. Кей жағдайларда он мыңнан жүз мың долларға дейінгі қаржы тесттік шоттарға салынған. Бот кейде шығынға батса да, кейде бір күнде он үш мың доллар табыс әкелген.
Қазіргі таңда бұл тәсіл оған ай сайын оннан он бес мың долларға дейін пайда әкеледі. Ол қаржысының бір бөлігін депозитте, бір бөлігін сейфте, ал қалғанын инвестициялық құралдарда ұстайды. Бұл жүйе жалпы капиталдың тұрақты айналымда болуын қамтамасыз етеді.