Қоғам

2027 жылы доллар 530 теңге болуы мүмкін

Bank of America (BofA) жасаған болжамға сенсек, 2027 жылдың соңына қарай бір доллардың бағамы 530 теңге шамасында сақталады. Демек теңге небәрі 2,9% ғана құнсызданады, деп жазады Ozgeris.info.

Сарапшылар мұны Қазақстандағы макроэкономикалық саясаттың тұрақтылығымен, инфляцияны тежеуге бағытталған Ұлттық банктің ұстанымымен және сыртқы күйзелістерге төтеп беруге бағытталған шаралармен байланыстырады.

Алайда бұл ресми, базалық сценарий ғана. Нарықтағы көңіл-күй бұдан өзгеше. Экономист Эльдар Шамсутдиновтың айтуынша, форвардтық келісімшарттар нарығында теңге 2027 жылы 658 деңгейіне дейін әлсіреуі мүмкін деген сценарий қарастырылып отыр.

– Теңге шамамен 28% құнсыздануы ықтимал. Неліктен мұндай айырмашылық бар? Себебі нарық қосымша тәуекелдерді алдын ала есепке алып отыр. Мұнай бағасының құлдырауы, мемлекеттік бюджеттің тапшылығы, сыртқы қарыздың өсуі, геосаяси жағдай мен жаһандық нарықтардағы тұрақсыздық – барлығы да теңге бағамына қысым түсіруі мүмкін, – дейді ол. 

BofA сарапшылары теңгемен жасалатын инвестициялардың табысын да саралап көрген. Мысалы, қысқа мерзімді (3 айға дейінгі) инвестицияның табысы 2,05%. Бұл  өте төмен көрсеткіш. Ал 9 айға дейінгі мерзімдегі табыс 5,7%-7,6% аралығында. Яғни, инвесторлар болашақта теңге әлсірейді деп күтеді, сондықтан табыстың өсуін тәуекелдің өтемі ретінде қарастырады.

Одан бөлек, алдағы бір-екі айда ірі компаниялардың дивиденд төлеуі теңгеге қосымша қысым түсіруі мүмкін. Сыртқа капитал ағынын арттырады. Сонымен қатар, мұнай бағасы мен рубль бағамының ауытқуы да теңге үшін маңызды сыртқы факторлар болып қала береді.

 

Барлық жаңалық