Білім және ғылым

2026–2027 оқу жылы болатын өзгерістер: Ата-ана, оқушы және мұғалім нені білуі керек?

2026–2027 оқу жылы болатын өзгерістер: Ата-ана, оқушы және мұғалім нені білуі керек?

Биылғы оқу жылы Қазақстан мектептері үшін бұрынғыдан өзгеше болмақ. Жаңа пәндер енгізіледі, ата-аналардың жауапкершілігі күшейеді, мұғалімдердің құқығы нақты айқындалады, оқушылардың міндеттері кеңейеді. Сонымен қатар мектептерде ұялы телефон пайдалану ережесі жаңарып, экологиялық тәрбие мен құқықтық сауаттылыққа ерекше көңіл бөлінеді. Бұл өзгерістердің барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заңдар мен Оқу-ағарту министрлігінің жаңа бастамалары аясында жүзеге асады, деп жазады Ozgeris.info тілшісі. 

Жаңа оқу жылы қашан басталады?

2026–2027 оқу жылы дәстүрлі түрде 1 қыркүйекте басталып, 2027 жылғы 25 мамырда аяқталады.

Оқу тоқсандарының ұзақтығы:

І тоқсан

* 8 оқу аптасы;

* күзгі демалыс – 26 қазаннан 1 қарашаға дейін.

ІІ тоқсан

* 8 оқу аптасы;

* қысқы демалыс – 28 желтоқсаннан 10 қаңтарғадейін.

І сынып оқушыларына

* 8–14 ақпан аралығында қосымша жеті күндік демалыс беріледі.

ІІІ тоқсан

* 10 оқу аптасы;

* көктемгі демалыс – 22–28 наурыз.

IV тоқсан

* 8 оқу аптасы;

* оқу жылы 25 мамырда аяқталады.

Биылғы басты жаңалық – жаңа пәндер енгізіледі. Жаңа оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасына құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған бірнеше жаңа курс қосылады.

5–7 сыныптарда – «Конституция негіздері». Бұл пәнде оқушылар Конституцияның негізгі қағидаларын, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін, мемлекеттік басқару жүйесін, заңға құрмет мәдениетін меңгереді. Министрлік бұл пәннің негізгі мақсаты – балалардың құқықтық мәдениетін ерте жастан қалыптастыру екенін айтады.

8–11 сыныптарда – «Заң және тәртіп». Жоғары сыныптарда оқушылар құқық бұзушылықтың салдарын, азаматтық жауапкершілікті, заң алдындағы міндеттерді, қоғамдағы тәртіптің маңызын оқиды. Соңғы жылдары мектептердегі буллинг, кибербуллинг, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық жиілегенін ескерсек, бұл пәннің қажеттілігі арта түскені байқалады.

«Жеке қауіпсіздік» курсы Бұл курс балаларға төтенше жағдайларда әрекет ету, интернет қауіпсіздігі, көшедегі қауіпсіздік, алғашқы көмек,күмәнді адамдармен қарым-қатынас жасау ережелерін үйретеді. Яғни пәннің негізгі мақсаты – баланың күнделікті өмірдегі қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.

«Адал азамат» бағдарламасы жаңарады

Министрлік биыл тәрбиелік жұмыстарды жаңа деңгейге көтеруді жоспарлап отыр. Енді мектептерде тәрбие тек мерекелік іс-шаралар өткізумен шектелмейді. «Адал азамат» бағдарламасы арқылы патриотизм, еңбекқорлық, әділдік, жауапкершілік, заңға құрмет, ұлттық құндылықтар оқу процесінің ажырамас бөлігіне айналады. Бағдарламаның басты ерекшелігі – оған тек мектеп емес, ата-аналар, мемлекеттік органдар және қоғам өкілдері де қатысады.

«Жасыл мектеп» жобасы іске қосылады

Президент тапсырмасына сәйкес жаңа оқу жылында «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында «Жасыл мектеп» пилоттық жобасы басталады. Жоба аясында мектептерде экологиялық мәдениет қалыптасады. Сонымен қатар қалдықтарды сұрыптау насихатталып, ағаш отырғызу акциялары өтеді. Сондай-ақ табиғатты қорғау тақырыптары сабақтарға кіріктіріледі. Бұл тек сенбілік өткізу емес, экологиялық сананы қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді жоба. 

Мұғалімдердің жауапкершілігі нақты айқындалды

Жаңа заңдағы маңызды өзгерістердің біріпедагогтердің құқықтық мәртебесіне қатысты.Бұған дейін мұғалімдер мектептен тыс жерде болған түрлі оқиғаларға да жауапты саналып келген жағдайлар кездесетін. Енді заң бойынша педагог оқушымен кәсіби міндетін орындап тұрған кезде ғана жауап береді. Бұл өзгеріс мұғалімдердің құқықтық қорғалуын күшейтеді. 

Ұялы телефонға қатысты жаңа ереже келеді

Жаңа оқу жылында мектептерде телефон пайдалану тәртібі де өзгереді. Бірақ әзірге нақты тыйым салынатын немесе рұқсат етілетін жағдайлар белгіленген жоқ. Оқу-ағарту министрлігі арнайы қағидаларды бекітеді.

Сол құжатта телефонды сабақта қолдану, үзіліс кезінде пайдалану, әлеуметтік желілер,гаджеттердің қауіпсіздігі сияқты мәселелер толық көрсетіледі. Бұл өзгеріс соңғы жылдары балалардың сабақ кезінде телефонға тәуелділігі күшейгенін ескеріп енгізіліп отыр.

Ата-аналардың жауапкершілігі артады

Жаңа заң ата-аналардың міндеттерін де кеңейтті. Енді олар баланың өміріне, денсаулығына, қауіпсіздігіне тікелей жауап береді. Бұл норма мектеп пен отбасының жауапкершілігін нақты бөліп көрсетуге бағытталған.Сарапшылардың пікірінше, соңғы жылдары барлық мәселені мектепке жүктеу үрдісі байқалған. Ал жаңа өзгерістер ата-ананың тәрбиедегі рөлін күшейтеді.

Оқушылардың да міндеті көбейді. Заңға сәйкес енді оқушылар мұғалімнің құқықтарын құрметтеуге, педагогтің заңды талаптарын орындауға, білім беру ұйымының ішкі тәртібін сақтауға міндетті. Бұл өзгеріс ұстаз мәртебесін арттыруға және мектептегі тәртіпті күшейтуге бағытталған.

Дарынды балаларға қолдау күшейеді

Жаңа заң тағы бір маңызды жаңалықты қарастырады. Республикалық және өңірлік олимпиада, ғылыми жоба, шығармашылық байқау,кәсіби шеберлік сайыстарының жеңімпаздары халықаралық жарыстарға қатысу үшін мемлекеттік қолдау алады. Бұл халықаралық деңгейде Қазақстанның білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Сарапшылар не дейді?

Білім саласының мамандары бұл өзгерістерді соңғы жылдардағы ең кешенді реформалардың бірі деп бағалайды. Бір жағынан, мектептерде құқықтық мәдениет, қауіпсіздік пен экологиялық тәрбиеге басымдық беріледі. Екінші жағынан, мұғалімдердің құқықтық қорғалуы күшейіп, ата-аналар мен оқушылардың жауапкершілігі нақты айқындалады. Алайда сарапшылар заң қабылдаумен ғана мәселе шешілмейтінін айтады. Жаңа пәндердің тиімділігі олардың мазмұнына, мұғалімдердің даярлығына және мектептердің оны қалай жүзеге асыратынына байланысты болады.

Биыл баласын бірінші сыныпқа бергелі отырған Ажар Рысқұлованың айтуынша, ең алдымен балаға үлкенді құрметтеуді үйрету маңызды.

«Менің балам биыл бірінші сыныпқа барады. Оған ұстаздарын тыңдап, сыйлауды үнемі айтып келемін. Қазіргі таңда кейбір ата-аналар балалардың өміріне шамадан тыс араласып, оларды тым көп қорғаштайды. Соның салдарынан өз ортасын сыйламайтын, тек өз дегенін дұрыс санайтын балалар көбейіп кете ме деп алаңдаймын. Сондықтан ата-ана, бала және ұстаз әрдайым байланыста болып, бір-біріне құрметпен қарағаны абзал», – дейді Ажар Рысқұлова.

Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы

2026–2027 оқу жылы қазақстандық мектептерүшін жаңа талаптар мен жаңа мүмкіндіктер кезеңіболмақ. Құқықтық сауаттылықты арттыру, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, экологиялықтәрбиені күшейту және ұстаз мәртебесін қорғауреформаның негізгі бағыттары. Егер бұл өзгерістер сапалы іске асса, мектеп тек білім беретін орын ғана емес, заңды құрметтейтін, жауапкершілігі жоғары, қауіпсіздік пен табиғатты бағалайтын тұлғаны тәрбиелейтін ортаға айналуы мүмкін.

Қысқаша айтқанда, жаңа оқу жылында:

* 5–7 сыныптарға «Конституция негіздері» енгізіледі;

* 8–11 сыныптар «Заң және тәртіп» курсын оқиды;

* «Жеке қауіпсіздік» курсы іске қосылады;

* «Адал азамат» бағдарламасы жаңартылады;

* «Жасыл мектеп» пилоттық жобасы басталады;

* мұғалімдердің құқықтық жауапкершілігінақтыланады;

* мектептерде ұялы телефон қолданудың жаңатәртібі бекітіледі;

* ата-аналар мен оқушылардың жауапкершілігі күшейеді;

* халықаралық олимпиадаларға қатысатындарынды оқушыларға мемлекеттік қолдау артады.Осындай өзгерістер білім беру жүйесін ғана емес, мектеп мәдениетін де жаңаша қалыптастыруға бағытталған.

Барлық жаңалық