💰 Экономика

2026 жылдан бастап салық басқаша төленеді

 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Яғни, салықты есептеу, төлеу, қарызды өндіріп алу тәртібі түгелдей өзгереді. Жаңа ережелерді халыққа түсінікті тілмен, асықпай тарқатып көрейік, деп жазады Ozgeris.info.

Ең алдымен қосылған құн салығына қатысты өзгеріс бар. Міндетті түрде ҚҚС-қа тіркелу шегі төмендетілді. Бұрын бұл шек жоғары болса, енді жылдық айналымы 10 мың АЕК-тен асқан, яғни 43,2 млн теңге табыс тапқан кәсіпкер ҚҚС төлеуші болады. ҚҚС-тың базалық мөлшерлемесі 16% болып бекітілді. Ал дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер үшін 2026 жылы – 5%, 2027 жылы – 10% мөлшерлеме қолданылады.

Мемлекет әлеуметтік маңызы бар қызметтерді ҚҚС-тан босатып отыр. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясындағы қызметтер, сирек кездесетін және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу, баспа кітап шығару, археологиялық жұмыстар ҚҚС төлемейді. Ал газет-журнал сияқты мерзімді баспа өнімдеріне ҚҚС мөлшерлемесі 10% болып белгіленді.

Жеке табыс салығына қатысты да жағымды жаңалық бар. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері енді ЖТС-тан босатылады. Көлігі 10 жылдан асқан азаматтар үшін көлік салығы төмендейді. Ал мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік салықтық шегерім 5 мың АЕК-ке, яғни 21,6 млн теңгеге дейін ұлғайды.

Салықтардың саны қысқарады. Бірыңғай жер салығы мүлде алынып тасталады. Кейбір төлемдер бойынша ставкалар мен алымдар да азаяды. Арнайы салық режимдері оңтайландырылып, енді бар болғаны 3 режим қалады: өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған, оңайлатылған декларация негізіндегі және фермерлік шаруашылықтарға арналған режим.

 Арнайы режимдегі кәсіпкерлер үшін жылдық табыс шегі 600 мың АЕК, яғни 2,59 млрд теңгеге дейін жетеді. Бұл режимде бірыңғай ставка 4%, ҚҚС пен әлеуметтік салық төленбейді. Сонымен қатар жұмысшы санына қойылатын шектеу алынып тасталды. Бірақ бір маңызды өзгеріс бар: жалпыға бірдей режимдегі компаниялар енді оңайлатылған режимдегі кәсіпкерлерден алған тауар мен қызмет шығынын корпоративтік табыс салығы бойынша есепке ала алмайды. Яғни6 2026 жылдан бастап жалпы режимдегі бизнес үшін салық базасы азаймайды.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін төлем жасау да жеңілдейді. Олар салықты есептеп, төлеуді мобильді қосымша арқылы жүзеге асыра алады. Корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі 20% күйінде қалады. Бірақ енді салаларға қарай әртүрлі ставка енгізіледі. Банктер мен ойын бизнесі үшін 25%, әлеуметтік сала ұйымдары үшін 2026 жылы – 5%, 2027 жылы – 10% болады. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін жеңілдік сақталып, ставка 3% деңгейінде қалады.

Қор нарығын қолдау үшін биржадағы бағалы қағаздар бойынша төленетін дивидендтерге салықтық жеңілдіктер сақталады. Сонымен қатар 2031 жылға дейін «Бәйтерек» холдингі шығарған бағалы қағаздардан түсетін табыс корпоративтік табыс салығынан босатылады.

Жер қойнауын пайдалану саласына да ынталандыру бар. Пайдалы қазбаларды өңдеу мен геологиялық барлау үшін жаңа, табыстылығы төмен учаскелерде 5 жылға пайдалы қазбаларды өндіру салығының 0% мөлшерлемесі қолданылады.

Жеке табыс салығы прогрессивті болады. Егер азаматтың жылдық жиынтық табысы 8,5 мың АЕК-тен, яғни 36,7 млн теңгеден асса, артық бөлігіне 15% ставка қолданылады. Сонымен бірге білім алу, емделу, ипотека бойынша бұрын талап етілетін құжаттардың орнына енді бірыңғай стандартты шегерім енгізіледі.

 Салық қарызын өндіру тәртібі де өзгереді. Егер берешек 20 АЕК-тен, яғни 86,5 мың теңгеден аспаса, тек өсімпұл есептеліп, хабарлама жіберіледі. Ал қарыз 45 АЕК-тен, яғни 194,6 мың теңгеден асса, есепшот бұғатталып, мүлікке тыйым салынуы мүмкін. Егер 27 мың АЕК-тен, яғни 116,7 млн теңгеден асқан қарыз 3 айдан ұзақ төленбесе, сот шетелге шығуға тыйым салуы ықтимал. Бірақ бұған дейін салық органдары міндетті түрде ескерту жібереді.

Сонымен қатар салықты кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігі кеңейеді. Уақытша қаржылық қиындыққа тап болғандар 1,5 мың АЕК-ке, яғни 6,4 млн теңгеге дейінгі қарызды кепілсіз бөліп төлей алады. Ал импорттаушылар өндіріс үшін әкелінетін шикізат пен материалдарға ҚҚС төлеуді кейінге шегере алады.

Жылына 230 мың АЕК-тен, яғни 994,7 млн теңгеден асатын дивиденд пен кәсіпкерлік табысқа 15% салық салынады. Фермерлер үшін 70% жеңілдік сақталып, осы шектен асқан табысқа салынатын салық 4,5% болады.

Қымбат тауарларға қосымша акциз енгізіледі. Құны 75 млн теңгеден асатын автокөлікке, 100 млн теңгеден қымбат кемелерге, 500 мың теңгеден қымбат алкогольдің 1 литріне, 10 мың теңгеден асатын сигараға 10% акциз салынады. Сондай-ақ жалпы құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлікке мүлік салығы өседі.

Салықтық әкімшілендіру де жұмсарады. Камералдық бақылау енді жазалау емес, ескерту сипатына ие болады. Жаңа Салық кодексіне Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы шілдеде қол қойған. Айта кетейік, 2026 жылы 1 АЕК – 4 325 теңге.

Барлық жаңалық