Түркістан облысы

1,8 миллиард теңгенің жері заңсыз берілген: Түркістанда шенеуніктер жауапқа тартылмақ

Түркістан облысында кейінгі үш жыл ішінде жергілікті атқарушы органдардың қызметінде ірі заңбұзушылықтар тіркелді. Прокуратураның мәліметінше, жалпы ауданы 6 мың гектардан астам, құны 1,8 миллиард теңге болатын 190 жер учаскесі заңсыз берілген, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Dalanews.kzке сілтеме жасап.

 

Прокуратура жүргізген тексеріс барысында бірқатар әкімдердің жер заңнамасында көзделген конкурс өткізу талаптарын айналып өтіп, мемлекет меншігіндегі жерлерді жеке адамдарға бау-бақша шаруашылығын жүргізу, жеке қосалқы шаруашылық немесе қосымша жер ретінде заңсыз иеліктен шығарғаны белгілі болды.

 

Сонымен қатар, 400 гектар жердің (150 учаске) нысаналы мақсаты заңсыз түрде кәсіпкерлік қызметке өзгертілген. Прокуратура мәліметінше, бұл жағдайлардың ешқайсысында да сәулет және қала құрылысы құжаттамаларының талаптары сақталмаған.

 

Аталған фактілер бойынша облыстық прокуратура мемлекеттік органдарға хаттамалық тапсырмалар беріп, анықталған заңбұзушылықтар үшін жауапты шенеуніктердің тәртіптік және заңдық жауапкершілігін қарау қажеттігін ескертті.

 

Тексеру нәтижелері бойынша заңсыз берілген жерлердің бір бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылуда. Прокуратура бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатынын және жер ресурстарын пайдаланудағы бақылау күшейтілетінін мәлімдеді.

Барлық жаңалық