Ақтөбеде “Ту-Ха” ЖШС-нің есепшісі мен бас директордың орынбасары аса ірі көлемде қаражат жымқырғаны үшін сегіз жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты сайтына сілтемемен.
Тергеу деректеріне сүйенсек, айыпталушылар 2004 жылдан 2020 жылға дейін — 16 жыл бойы компанияның қытайлық басшыларының нұсқауымен жүйелі түрде қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырып, сыртқа шығарып отырған. Нәтижесінде кәсіпорынға келтірілген жалпы залал 6 миллиард теңгеден асқан.
Сонымен қатар, тергеу барысында пара беру фактілері де әшкереленген. Мәселен, көші-қон қызметіне Қытайдан жұмысшылардың кіруіне рұқсат алу үшін 2,4 миллион доллар, экология департаментіне химиялық реагенттер бойынша 20 мың доллар, кеден органдарына баж салығын азайту үшін жарты миллион доллар төленгені анықталды.Тіпті, Ақтөбе облыстық прокуратурасына 100 мың доллар көлемінде пара берілгені де белгілі болды.
Қазір айыпталушылардың мүлкі тәркіленіп, олар сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Ал тергеу органдары компанияның шетелдік басшыларына қатысты да қосымша материал жинап жатыр.