Қазақстанда ең жоғары жалақы алатын мамандардың тізімі жарияланды. Ұлттық статистика бюросы мен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі 2024 жылы ең көп табыс тапқан 30 мамандықтың рейтингін әзірледі. Зерттеу Finprom сараптамалық сайтының деректеріне негізделген, деп жазады Ozgeris.info.
Ең жоғары жалақы техникалық және ғылыми мамандарда
Алғашқы ондыққа айлығы 8 миллионнан 15 миллион теңгеге дейін жететін мамандықтар енді. Таңғаларлығы, бұл тізімде бірде-бір мемлекеттік қызметкер жоқ. Мемлекеттік басқару өкілдерінің орнына жоғары білікті инженерлер мен сарапшылар көш бастап тұр.
Рейтингтің бірінші орнында электр машиналары мен құрылғыларын сынаумен айналысатын маман тұр. Оның айлық табысы – 15,5 миллион теңге. Бұл бағыттағы мамандар электр жабдықтарының сапасын, сенімділігін және қауіпсіздігін тексерумен айналысады.
Екінші орында инженерлік психология саласының сарапшысы. Оның табысы – 15,3 миллион теңге. Мұндай мамандар адамның техникамен өзара әрекетін зерттеп, құрылғылар мен бағдарламалардың интерфейсін ыңғайлы етуге бағытталған ғылыми шешімдер ұсынады.
Үздік үштікке 14 миллион теңге көлемінде жалақы алатын энергия үнемдеу инженері енді. Бұл маман өндіріс орындарында энергияны үнемдеу технологияларын енгізіп, шығынды азайту жолдарын табумен айналысады.
Жоғары табыс алатын жұмысшылар да бар
Биылғы рейтингтің ерекшелігі – тізімге тек инженерлер мен ғалымдар ғана емес, қарапайым жұмысшылар да енді. Өткен жылы жоғары жалақы алатын 30 мамандықтың арасында өндіріс пен құрылыс саласының техникалық қызметкерлері көп болды.
Мысалы, кей компаниялар сапаны бақылаушыға 6,7 миллион теңге, ал құрылыс инженері мен шеберіне 5,6 миллион теңге төлеген. Бұл көрсеткіш жоғары білікті техникалық мамандардың кейбір басшылардан да көп табыс таба бастағанын көрсетеді.
Топ-30 тізімінің соңында бөлімше және нысан басшылары тұр. Олардың жалақысы 4,7 миллионнан 5,6 миллион теңге аралығында. Бұл да орта және төмен буындағы басшылардың жалақысы өндіріс мамандарынан артта қалғанын дәлелдейді.
Жоғары жалақы сирек кездеседі
Ашық деректерге қарағанда, еңбек нарығында мұндай жоғары жалақылар сирек ұсынылады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай табыс алатын мамандарды компаниялар көбіне интернет арқылы емес, басқа ұйымдардан арнайы шақырып алады.
Headhunter порталының деректері бойынша, жарияланған бос жұмыс орындарындағы ең жоғары айлық 3-3,5 миллион теңге шамасында. Бұл нақты емес, шартты табыс мөлшері. Мұндай соманы қызметкер тек жоспарды орындап, келісімшарттар санын көбейткен жағдайда ғана ала алады.
Жоғары жалақысы бар вакансиялардың көбі жылжымайтын мүлік, өңдеу өнеркәсібі және қызмет көрсету салаларында кездеседі. Алматы қаласындағы бір компания, мысалы, EGS бағытының жетекшісін іздеп жатыр. Талап бойынша маманның тәжірибесі кемінде 15 жыл болуы керек, ал айлық мөлшері 1–2 миллион теңге.
1,5 миллион теңгеден жоғары табыс алатындар кімдер?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы айына 1,5 миллион теңгеден көп жалақы алатын жалдамалы қызметкерлер саны шамамен 42 мың адам болған. Оның ішінде әйелдердің үлесі небәрі 24 пайыз.
Мұндай табыс алатындардың ең көбі өнеркәсіп саласында. Бұл топта 14,7 мың адам бар, яғни жалпы үлестің 35 пайызы. Екінші орында қаржы және сақтандыру қызметі, онда 4,9 мың адам жоғары табыс табады. Үшінші орында әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласы – 3,3 мың адам.
Ең аз жоғары жалақы коммуналдық салада тіркелді. Мұнда 42 адам ғана 1,5 миллион теңгеден көп табыс табады.
Гендерлік теңсіздік сақталып отыр
Жоғары жалақы алатындардың арасында ерлердің үлесі әйелдерден әлдеқайда көп. 1,5 миллион теңгеден артық табыс табатын әр төрт қызметкердің біреуі ғана әйел.
Құрылыс саласында мұндай табыс алатын әйелдердің үлесі небәрі 8,5 пайыз, көлік және логистика секторында – 12,6 пайыз, ауыл шаруашылығында – 11,4 пайыз. Әйелдер ең көп табыс табатын бағыт – денсаулық сақтау мен білім беру саласы.
Мемлекеттік қызметкерлер рейтингтің соңында қалды
2024 жылы айлығы 1,5 миллион теңгеден жоғары алатындар арасында мемлекеттік басқару қызметкерлерінің үлесі бар болғаны 1,5 пайыз. Бұл шамамен 614 адам.
Мемлекеттік қызметкерлер ең жоғары жалақы алатын мамандықтар рейтингінде 142-орында. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, премьер-министрдің айлығы 2,5 миллион теңге. Бұл электр машиналарын сынаушы маманның еңбекақысынан шамамен алты есе аз.
Мемлекеттік сектордағы ең жоғары жалақы үкімет басшысы мен оның орынбасарларына тиесілі. Кейін үкімет аппаратының қызметкерлері мен Жоғарғы сот өкілдері орналасқан. Ал облыстар мен Астана және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері орта есеппен 1,7 миллион теңге алады. Министрлердің айлығы 1,5 миллион теңге, мәжіліс депутаттары шамамен 1,3 миллион теңге алады.