Қазақстанның банк секторында жаңа ойыншы пайда болды. «БиЭнКей Коммерциялық Банкі» АҚ (BNK) банк операцияларын жүзеге асыруға ресми лицензия алды, деп жазады Ozgeris.info.
Жаңалық 2010 жылдан бері алғаш рет болып отырған оқиға. Сондай-ақ Президенттің шетелден технологиялық жағынан дамыған банктерді елге тарту жөніндегі стратегиялық үндеуіне берілген нақты жауап. Бұл туралы АРРФР-дің баспасөз қызметі хабарлады.
BNK банкі Қазақстанға не үшін қажет? Жаңа банктің негізгі мақсаты бәсекелестікті арттыру және қазақстандықтарға, кәсіпкерлерге цифрлық қаржылық қызметтер ұсыну. BNK-ның басты бағыттары: шағын және орта бизнесті несиелеу, автонесиелер беру, әмбебап цифрлық банкинг жүйесін дамыту.
Айта кетейік, BNK бұған дейін Қазақстанда микроқаржылық ұйым ретінде жұмыс істеген. Енді ғана ол екінші деңгейлі банкке айналып отыр. Бұл өзгеріс оған депозиттер қабылдауға және заңды тұлғаларға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Бұған дейін мұндай операциялар жасауға құқығы болмаған.