Қоғам

Алматы облысындағы тұрғындар бір аптадан бері сусыз отыр

Алматы облысындағы тұрғындар бір аптадан бері сусыз отыр

Алматы облысында жаздың ыстығында 200-ден аса үй сусыз отыр. Тіршілік нәрінен қағылып, аптап ыстықта амал таппаған Алматы облысындағы ағайын әкімдік алдына жиналды, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Телеарна мәлімметінше, Алматы облысы Панфилов ауылының тұрғындары жаз шықса, су болмайтынын айтып, бас көтерген.

Олардың айтуынша, құбыр ескі, қысым әлсіз. Жыл сайын қайталанатын бұл қиындық жұрттың жүйкесін жұқартқан. Аталған жайтқа Панфилов ауылдық округінің әкімі пікір білдірді.

"Бір апта дегенді енді естіп отырмыз. Мен тек жексенбі күні су болмағанын естідім, сол күннен бастап шара қолдандық. Су тапшылығы бар, өйткені құбыр ескі және де халықтың көбейіп жатыр. Бұл мәселе жоба қарастырылып жатыр", - деді Панфилов ауылдық округінің әкімі Дулат Дәулетәлиев.

Ауылдағы су желісін жаңарту жобасы 2016 жылы мақұлданған. Бірақ кейінгі жылдары белгісіз себептермен тоқтап қалыпты. Жиналыс барысында мәселеден хабарсыз болдым деген ауыл басшысы түсірілім тобы алдында халыққа 15 минут ішінде су берілетінін айтып, уәде етті.

"Ең болмаса кір жуып алады, апталап су жоқ болады. Сіздер келдіңіздер, су берді. Ал ертең өшіріп тастаса, таңқалмаймын. Өздерінің қолында тұр", - деді Панфилов ауылының тұрғыны Ұлан Қыдықов.

Тұрғындардың сөзінше, Панфиловтағы 200-ден аса үй тіршілік нәріне телміріп, бір жұтым суға зәру болып отыр.

"40 градус ыстықта су жоқ. Сумен қалай қинап отыр, білмеймін? Бір айттық, екі айттық, неше жылдан бері айтып келеміз", - деді Панфилов ауылының тұрғыны Маржан Әділбек.

Қазір ауыл жұрты жаңа жобадан үміт күтіп отыр. Округ әкімі Дулат Дәулетәлиев уәде еткендей, сумен қамтамасыз ететін жүйе жыл соңына дейін бітуі тиіс. Ал тұрғындар бұл жолғы уәде құр сөзге айналмай, нақты шешімге ұласқанын қалайды.

Барлық жаңалық