Жаңалықтар

15 жастағы зілтемірші рекорд жаңартып, әлем чемпионы атанды

15 жастағы зілтемірші рекорд жаңартып, әлем чемпионы атанды

Қазақстандық зілтемірші Нұржан Жұмабай рекорд жаңартып, жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Колумбияның Кали қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы ауыр атлетикадан әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Нұржан Жұмабай алтын медаль жеңіп алды.

88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен 15 жастағы отандасымыз 348 келі (155+193) нәтижесін көрсетіп, әлем чемпионы атанды. Сонымен қатар серпе көтеру жаттығуында 193 келіні бағындырып, жаңа әлемдік рекорд орнатты.

Күміс медальді Испания өкілі Эрик Гуадамуд Пико (344 кг - 156+188) иеленсе, қола жүлде мексикалық Хосе Орландоға (335 кг - 151+184) бұйырды.

Айта кетейік, Нұржан бұған дейін 2025 жылы Астанада өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында және Бахрейннің Манама қаласында ұйымдастырылған жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында жеңімпаз атанған. Осылайша, ол халықаралық жарыстарда әлі жеңіліс көрмей келеді.

Сондай-ақ Қазақстан құрамасы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын екі медальмен аяқтады. Бұған дейін 79 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ернұр Мырзахмет қола жүлдеге ие болса, Нұрсила Берікбол 58 келіге дейінгі салмақта төртінші орыннан көрінген.

 

Барлық жаңалық