Жаңалықтар

1,3 млрд теңгені жымқырды деген күдікті елге қайтарылды

1,3 млрд теңгені жымқырды деген күдікті елге қайтарылды

Ауыр экономикалық қылмыс жасады деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы Грузиядан экстрадицияланып, елге жеткізілді. Бұл туралы Оzgeris.info Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтемемен хабарлайды.

 

Ведомство мәліметінше, Бас прокуратура мен Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері күдіктіні Қазақстанда қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Грузия аумағынан экстрадициялаған.

 

Тергеу деректеріне сәйкес, 2023–2024 жылдары Алматы қаласында аталған азамат коммерциялық ұйымды басқара отырып, сыбайластарымен бірге нақты жұмыс орындалмаса да, жалған шот-фактуралар рәсімдеу схемасын ұйымдастырған. Соның салдарынан мемлекетке төленбеген салық көлемі шамамен 1,3 млрд теңгені құраған.

 

Қылмыс жасалғаннан кейін күдікті шетелге қашып, халықаралық іздеуге жарияланған. Ол 2025 жылдың қыркүйек айында Грузияда ұсталып, Қазақстан тарапының сұрауы бойынша елге қайтарылды.

 

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Ал осы қылмысқа қатысы бар тағы бір тұлға 2025 жылдың сәуір айында сот үкімімен нақты мерзімге бас бостандығынан айырылғаны атап өтілді.

Барлық жаңалық