Digital Business дәстүр бойынша жаңа айдан бастап өзгеретін баға мен тарифтерге шолу жасады. 1 наурыздан бастап қандай өзгерітер болады, соған тоқталайық, деп жазады Ozgeris.info.
Египетке жедел виза қымбаттайды
1 наурыздан бастап Египетке барған кезде әуежайда рәсімделетін жедел визаның құны 25 доллардан 30 долларға дейін өседі. Бұл туралы Cairo 24 басылымына сілтеме жасап digitalbusiness.kz хабарлады. Египеттің Туризм жөніндегі сауда палатасы туроператорларға жаңа тарифтер туралы ресми хат жолдап, тур бағдарламаларын жаңартуды және тур сатылымында өзгерістерді ескеруді ұсынған.
Айта кету керек, бұл өсім тек әуежайда берілетін визаларға қатысты. Қазақстан азаматтары үшін қолданыстағы кіру ережелері өзгермейді. Қазіргі уақытта визаны ұшып барған соң тек Шарм-эль-Шейх әуежайында алуға болады. Ал Каир, Хургада және басқа қалаларға бару үшін визаны алдын ала Египеттің Қазақстандағы елшілігінде рәсімдеу қажет.

Halyk Bank халықаралық аударым тарифтерін өзгертеді
2026 жылғы 26 наурыздан бастап Halyk Bank халықаралық ақша аударымдары бойынша жаңа тарифтер енгізеді. Әзірге комиссия мөлшері нақтыланбаған, бірақ банк шарттардың өзгеретінін алдын ала хабарлады.
Банк ішіндегі және Қазақстан банктері арасындағы аударымдар бұрынғыдай қала береді. Клиенттерге ресми сайттағы жаңартуларды қадағалау ұсынылған.

SCAT ішкі рейстер бағасын көтереді
2026 жылғы 1 наурыздан бастап SCAT әуе компаниясы Қазақстан ішіндегі рейстерге тарифтерді көтереді. Ескі бағамен билет алу үшін 1 наурызға дейін бронь жасап үлгеру керек. Ал жаңа тарифтер бойынша билет сату 2026 жылғы 20 ақпаннан басталған.
DV655 рейсі Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау және Өскемен бағыттарына қызмет көрсетеді.
АҚШ-та жедел қаралатын өтініштер қымбаттайды
Бұл өзгеріс туристік визаларға қатысты емес. Алайда жұмыс, иммиграциялық немесе студенттік өтініштерді жедел тәртіппен қаратуға тапсыратын қазақстандықтарға әсер етеді.
2026 жылғы 1 наурыздан бастап АҚШ Азаматтық және иммиграциялық қызметі жұмысқа орналасуға және бейиммиграциялық мәртебеге қатысты бірқатар өтініштерді жедел қарау төлемін көтереді. Мұндай индексация әр 2 жыл сайын инфляция деңгейіне байланысты жүргізіледі.
Өзгеріс I 129, I 140, I 539 және I 765 нысандарын жедел тәртіпте қаратуға тапсыратын жұмыс берушілерге, шетелдік мамандарға және студенттерге қатысты болады.

Техника қымбаттауы мүмкін
Бұл әлемдік үрдіс Қазақстанға да әсер етуі ықтимал. The Verge мәліметінше, жедел жады чиптерінің тапшылығы күшейіп келеді. 2026 жылғы наурыздан бастап смартфондар, ойын приставкалары және ноутбуктер бағасы өсуі мүмкін.
Samsung, SK Hynix және Micron секілді негізгі жады өндірушілері чиптерді алдымен жасанды интеллектпен жұмыс істейтін компанияларға жеткізуде. Соның салдарынан қарапайым электроникаға арналған чип көлемі азайып отыр.
Сарапшылар смартфондардың орташа бағасы 8% дейін өсуі мүмкін екенін айтады. Жаңа модельдер не қымбаттайды, не жады көлемі аз нұсқамен шығуы ықтимал. Бұл мәселе жаңа өндіріс орындары толық қуатқа шыққанға дейін, яғни 2028 жылға дейін жалғасуы мүмкін.

Жапониядағы Киото қаласында туристік салық өседі
2026 жылғы 1 наурыздан бастап Киото қаласында туристік салық бірден 900% өседі. Саяхатшылар қонақүйде түнеген әр күн үшін бөлме құнына байланысты 6 доллардан 66 долларға дейін төлем жасайды.
Қала билігі бұл шешімді туристер ағынын реттеу және қоршаған ортаны қорғау мен инфрақұрылымды дамыту қажеттілігімен түсіндіреді. Киотоға баруды жоспарлаған қазақстандықтар сапар бюджетін есептегенде бұл шығынды ескеруі керек. Бес жұлдызды қонақүйде бір түндеу құны шамамен 33 мың теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін.

Қоқыс үшін айыппұлды әкімдіктер де сала алады
2026 жылғы наурыздан бастап Қазақстандағы жергілікті атқарушы органдар, соның ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен барлық облыс әкімдіктері қоғамдық орындарды ластағаны және абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін азаматтарға айыппұл салу құқығына ие болды.
Бұған дейін мұндай құқық тек ішкі істер органдарына берілген болатын. 2025 жылы осындай құқық бұзушылықтар үшін 591 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылып, 5,2 млрд теңге көлемінде айыппұл салынған. Экология министрлігі жаңа өкілеттіктер заң бұзушылықтарға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді деп отыр.
