Қоғам

1 желтоқсаннан бастап Астанада автобус ақысы қымбаттауы мүмкін

1 желтоқсаннан бастап Астанада автобус ақысы қымбаттауы мүмкін

Астанада қоғамдық көлікте жол жүру ақысы 1 желтоқсаннан бастап 150 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін, деп хабарлайды Ozgeris.info. 

Қазір елордада жол жүру тарифі – 110 теңге. Бұл баға 2014 жылдан бері небәрі бір рет қайта қаралған. Осы уақыт ішінде тасымалдаушылардың шығыны айтарлықтай артқан.

Мәселен, 2014 жылы дизель отынының литрі шамамен 107 теңге болса, бүгінде 329 теңгеге жеткен. Жүргізушілердің орташа жалақысы да 100-150 мың теңгеден 700 мың теңгеден жоғары деңгейге өскен. Бұған қоса қосалқы бөлшектер, шиналар, аккумуляторлар, техникалық қызмет көрсету және жаңа автобустардың бағасы қымбаттаған.

Соңғы үш жылда елордадағы тасымалдаушылар 1127 жаңа автобус сатып алған.

Әкімдік мәліметінше, әлеуметтік жеңілдіктер сақталады. Бірқатар азаматтар, соның ішінде зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар адамдар және 18 жасқа дейінгі балалар қоғамдық көлікте тегін жүреді.

Жаңа тарифті енгізу қоғамдық көліктің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, автобус паркін жаңарту және маршруттық желіні дамыту қажеттілігімен байланысты. Осыған сәйкес 1 желтоқсаннан бастап қолма-қол ақшасыз төлем кезінде жол жүру ақысын 150 теңге ету ұсынылып отыр.

Барлық жаңалық