Қазақстандық боксшы Әли Ахмедов франциялық спортшы Пьер Дибомбеден басым түсіп, кәсіби мансабындағы 22-жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Қос боксшы Дублинде (Ирландия) өткен турнирде жұдырықтасты. Олардың кездесуі екінші орта салмақ дәрежесінде өтті (76,2 килограмға дейін).
Жекпе-жек он раундқа созылды. Сегізінші раундта Ахмедов нокдаун алып қалды. Десе де қазақстандық боксшы төрешілердің шешімімен қарсыласынан басым түсті (102-107, 106-103, 105-104).
Осылайша Геннадий Головкинге тиесілі GGG Promotions промоутерлік компаниясының өкілі қатарынан алтыншы рет жеңіске жетті. 29 жастағы Ахмедовтың активінде 22 жеңіс (16-сы нокаутпен) пен бір жеңіліс бар.
Әли жыл басталғалы осымен үшінші рет жекпе-жек өткізді. Сәуірде венесуэлалық Карлос Ривераны нокаутқа жіберсе, мамырда Коста-Рика боксшысы Энкарнасьон Диасты мерзімінен бұрын жеңген болатын.
Дибомбе де кәсіпқой рингте 22 рет жеңіске жеткен (12-cі нокаутпен). Сонымен бірге 32 жастағы француз соңғы екі жекпе-жегінде жеңіліп қалды. Ол Ахмедовтен жеңілгенге дейін өзбекстандық Олимпиада жүлдегері Бектемир Меликузиевке есе жіберген болатын.
Фото: instagram.com/ali_akhmedov_officialpage
ПІКІР ЖАЗУ