Елдің көпшілігі күнделікті өмірде банктер арқылы мобильді аударымдар жасайды. Біреу азық-түлікке төлейді, біреу досына қарыз қайтарады. Бірақ сол әрбір аударымнан алынатын комиссия кейде қалтаға ауыр тиеді. Сіз де солай ойлайсыз ғой. Сенатор Бекболат Орынбеков те осылай ойлайды екен, деп жазады Ozgeris.info.
Депутат Сенаттағы дөңгелек үстелде өз сөзін былайша бастады:
«Халық банктен» 200 теңге аударылды. Kaspi bank сол ақшаны қайтарып беру үшін 3600 теңге комиссия алады. Бұл әділетсіз. Мұндай жүйе қашан өзгереді?»
Көптің көкейіндегі сұрақты сенатор қойды. Жауап беру үшін трибунаға Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов шықты. Оның айтуынша, қазіргі комиссия тарифтері Mastercard пен Visa сияқты халықаралық төлем жүйелерінің саясатына байланысты. Олар өз ережесін орнатқан: комиссия 3 пайыздан 1 пайызға дейін төмендегенімен, бәрібір сақталады.
Ұлттық банк бұл жағдайды өзгертуге тырысады. Берік Шолпанқұлов Open API жүйесін іске қосу туралы айтты. Бұл жүйе банктерге өзара аударымдар жасауды жеңілдетеді, демек, комиссия тарифтері де төмендеуі мүмкін. Яғни, халықаралық төлем жүйелерінің тікелей қатысуынсыз аударымдар жасау мүмкіндігі болады.
«Тарифтер комитетін құрдық. Банктер арасындағы комиссияларды төмендету бағытында шешімдер қабылдаймыз. Өйткені арада үшінші ойыншы болмайды», деді Шолпанқұлов.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру