Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Азамат Сатыбалды «Таңғы STUDIO» бағдарламасында ақиық ақын Мұқағали Мақатаев туралы түсірілген «Бұл ғасырдан емеспін» фильмі жайында айтты, деп хабарлайды «ozgeris.info» «Almaty.tv»-ге сілтеме жасап.
«Жақында Мұқағали Мақатаев туралы 4 бөлімнен тұратын «Бұл ғасырдан емеспін» атты телефильм жарыққа шықты. Бұл телефильм Мұқағали ағамыздың әруағына тағзым ретінде түсірілді. Эфирге шыққанына небәрі екі күн болды. Бізге келіп жатқан хаттар өте көп. Бірі мақтап жазып жатса, енді бірі фильмнен басқа тұлғаларды іздеп, өз пікірін білдіріп жатыр. Осы тұста айта кетейін, бұл фильмде Мұқағали ағамыздың соңғы 3 жылы ғана алынған», – дейді Азамат Сатыбалды.
Актер түсірілім барысында салмақ қосу мен қайта азу жағы қиын болғанын айтады. Ол 20 күннің ішінде 12 келі қосқан.
«Маған трансформация жағы өте қиын болды. Себебі аз уақыттың ішінде семіріп, қайта аздым. 20 күннің ішінде 12 келіге семірдім. Салмақ қосуға укол көмектесті. Азу жағы да өте қиын болды 10 күннің ішінде қайта 12 келі тастадым. Азу үшін таза суға отырдым. Одан да көп салмақ тастағым келді. Бірақ уақыт өте аз болды», – дейді актер.
Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың рөлін сомдау актердің арманы болған.
«Бала кезімізде ағамыздың өлеңдерін бір тақпақ ретінде қарайтынмын. Академияға түсіп, актер болғаннан кейін әрбір поэзиясын, өлеңін зерттеп, өміріне үңіліп, бала, адам, жігіт ретінде ғашық болдым. Әлі де ғашықпын», – дейді ол.
Азамат Сатыбалды Мұқағали Мақатаевты отқа теңеді. Оның айтуынша, ақиық ақын Алматыға жалындаған 31 жасында келіп, 45 жасына дейін талай шаруаны тындырған.
«Мен сомдаған Мұқағали – от. Егер аң дейтін болсақ, қасқыр. Мен әрбір рөлге осылай келемін. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлын сомдайтын болсам ол – су. Ағып жатқан Ертіс. Үсті тыныш, бірақ асты буырқанып жатыр. Аң деп елестетсек, онда жолбарыс. Өте сабырлы, айбат шексе, еш нәрсеге қарамайды. Ал мен Мұқағали ағамызды от деп алдым. Себебі жалындап тұрған 31 жасында Алматыға келіп, 45 жасына дейін талай шаруаны атқарып кеткен. Ол – өз өлімін алдын ала біліп кеткен ақын», – деді Азамат Сатыбалды.
«ozgeris.info».
ПІКІР ЖАЗУ