Қазақстандағы пікірсайыс қозғалысының жастарды әлеуметтендірудегі маңызды рөлі

Жаңа, Тәуелсіз әрі дербес Қазақстанның қозғаушы күні саналатын жастардың әлеуметтенуі деңгейі қалай? Олардың әлеуметтік жауапкершілігі мен азаматтық белсенділігі не үшін маңызды? Бұл ретте пікірсайыстың не қатысы бар? Осы және өзге де сауалдар қазіргі қоғамды мазалауда және ол орынды. Мақаламызда осы турасында ой өрбітетін боламыз.

Пікірсайыс қозғалысы елімізде тоқсаныншы жылдардың аяғынан бері етек ала бастады. Сол тұстарда жекелеген Жоғары оқу орындары мен білім беру нысандарында «дебат» деген түсінік пайда болып, Карл Поппер форматындағы пікірсайыс ойыны жастар арасына ентелей енді. Енді етегін жиып жатқан жас мемлекет үшін мұның өзі үлкен бір ілгерілеу көрінді. Жоғары және Орта арнаулы оқу орындары жаппай дебат клубтарын құрып, интеллектуал әрі оратор деп есептеген азаматтарды жинай бастады. Кейін Американдық парламенттік формат, Линкольн-Дуглас форматы және Президенттік формат пен Британдық парламенттік форматтар Қазақстандық пікірсайыс алаңына еніп жатты. Бүгінде пікірсайыс қозғалысы еліміздегі ауқымы бойынша алғашқы ондықта деуге толық негіз бар. Бірақ, бәрі неден басталды? Пікірсайыс дегеніміз не? Осыған толығырақ тоқталып кетсек.

Пікірталас грек сөзі «Διαβαθω» – талқылау, ой алмасу дегеннен шыққан. Немістің әмбебап көп томдық энциклопедиясы Брокхаус пен Ефронның энциклопедиялық сөздігінде келесі анықтама берілген:

Пікірсайыс – бұл екі тарап арасында өзекті тақырыптар бойынша ұйымдастырылған және нақты құрылымдалған қоғамдық пікір алмасу.

Пікірсайысты пікір-талас деп те айтуға болады, бірақ оның басты айырмашылығы қос тарап бірін-біріне емес, үшінші тарапқа дәлелдеуді мақсат етуінде. Ежелгі Грекияда демократияның қайнары саналып, ерекше маңызға ие болған пікірсайыс (немесе әлемдік қолданыста айтылатын дебат) Ұлыбритания, АҚШ, Франция сынды алпауыттар арасында да танымал ойын түрі. ХVIII-XІX ғасыр аралығында тек ақсүйектер мен таңдаулылар ғана дебатқа қатыса алатын. Кейіннен ХХ ғасырдан бертін келе ол қоғамдық негізде танымал бола бастады. Әсіресе, АҚШ-та ерекше беделге ие болды. Көршіліс Ресейде де 1994 жылы негізі қаланып, жастар арасында танымалдылыққа ие болған. Тіпті, олардың «дебаты» деген әуендері де бар.

Пікірсайыстың әр форматының өзіндік шығу тарихы бар және ол белгілі құрылымдық негізге құралған. Олар туралы келесі материалдарда толығырақ тоқталатын боламыз.

Бүгінгі күні Қазақстанда пікірсайыс қозғалысы әр өңірдегі кемі тірек Жоғары оқу орындары мен Орта арнаулы оқу орындарында құрылып, жастар арасында ойын түрі ретінде кеңінен насихатталуда. Алайда, 2000 жылдардың басы мен орта кезі пікірсайыс қозғалысында көптеген мәселелер туындады және олар әлі күнге дейін баршылық.

Қазіргі күнге дейін пікірсайыс форматы, төрешілік деңгейі мен ойнау стильдеріне қатысты көптеген қарама-қайшылықтар бар. Тіпті, оңтүстік ойнау стилі мен солтүстік ережелерінің сәйкес келмеуі салдарынан өңірлерге бөліну үрдісі де пайда болған. Бүгінде біршама жинақталып, ортақ түсініктер мен форматтарға сай ойын ойнауға ынталы топтар пайда болуда.

Мұнан бөлек, 2009-2014 жылдар аралығында жекелеген пікірсайысшылардың сыни сөздері мен оппозициялық көзқарастары салдарынан жалпы пікірсайыс қозғалысы зардап шеге бастады. Алайда, уақыт өте келе ол да ретке келді. Бұл күнде пікірсайысшылар тек талқылау мен мәселені саралауға ғана негіз қояды. Олардың саяси амбициялары мен көзқарастары дебаттан тысқары және оған еш қатысы жоқ. Басты түсіну керек қағида: пікірсайысшылар тақырыпты талдау барысында бағдарлама немесе мемлекеттік мекемелердің кемшіліктерін құр сөзбен емес, аргументтер арқылы сынға алады. Кейде қателіктерді де көрсетеді. Бұл арандату емес, керісінше сол арқылы жүйелі жұмыс құруға қолдау иә ұсыныс. Одан қалды жастардың сыни ойлауы мен зияткерлік қабілетінің шыңдалуы, әлемде, елде орын алып жатқан қоғамдық-саяси, экономикалық, ғылыми һәм мәдени иә спорттық оқиғаларға байланысты хабардар болуы – олардың бірнеше дағды мен қабілеттерді игеруіне тікелей жол болып табылады.

Пікірсайыс – жастардың мемлекеттің қаржысынсыз, таза энтузиазм арқасында белгілі бір ортаға жиналуға әсер ететін қозғалыс әрі таптырмас құрал. Әсіресе, университет қабырғасында жүргенде аптасына кемі екі рет дебат клубтарының жиналысы мен сенбі-жексенбі күндері таңғысын дебат ойындарына ешкімнің нұсқауынсыз немесе бұйрығынсыз жиналуы – оның қаншалықты үлкен маңызға ие екендігін білдіреді.

Кейде логикалық сәйкессіздік орын алатын секілді. Неге? Жәй күндері шәкіртақы алатын немесе жүз мыңдап ақылы негізде білім алып жүрген жастар кейде таңғылық дәрістерге келмей, не кешігіп жатады. Алайда, сенбі күні таңертең 08.00-08.30 аралығында қаланың ана басында болатын дебат ойындарынан қалмайды. Парадокс? Мүмкін. Бұл дебаттың қаншалықты маңызды екенін дәлелдесе керек. Мұны жастарды әлеуметтендірудегі маңыздылықтың бір себебі дерлік. Келесі бірнеше мысалдар арқылы (жекелеген оқиғалар) оның әлеуметтік маңызы туралы айта кеткен жөн.

2009 жылдары еліміздің біршама өңірлерінде пікірсайыс қозғалысы мектеп оқушылары арасында танымал бола бастады. Дебат енді белең алған кезде сол тұстағы белсенділер мектептегі тәртібі нашар немесе тұйық және үлгерімі төмен азаматтарды дебатқа тартты, қатыстырды, оқытып, үйретті. Алғашында оларды даярлауда көптеген қиындықтар туды. Алайда соңы жақсы нәтижеге әкелді. Әлгі азаматтардың алды Ішкі істер министрлігінің заң университеттерінде білім алса, кейбірі актерлік шеберліктерін танытып, үлкен сахналарға жол тартты. Көбі ЖОО-ларға грантқа түсіп, жақсы отбасы құрып, бүгінде қызмет етуде. Мемлекеттік қызмет сапында жұмыс жасап жатқандары да баршылық.

Тек тәртібі нашар немесе үлгерімі төмен емес, қарапайым оқушылар мен студенттер дебат арқылы өзін толық қалыптастыра алды. Олар жақын дос-серік, әріптестер мен қатар қызықты әлеуметтік ортаға енді. Айтарлықтай жаңалық ашпаса да, дәл осы пікірсайыста жүру барысында зиянды әрекеттерге бой алдырмады. Пікірсайыс клубтары іштерінде аға мен іні, әпке мен сіңілі, үлкен-кіші арасындағы ізеттілік құндылықтар ерекше маңызға ие болып, құрмет-сый таныту кең етек жайды. Дәстүрлі пікірсайыс турнирлерін өткізу арқылы ұйымдастырушылық қабілеттерін шыңдады. Демеуші іздеу, турнир өткізетін қарапайым орындар мен таратпа материал әзірлеудің өзінде іскерліктері мен ерекше белсенділіктерін танытты. Олар өздерін қоғам үшін, клубтары үшін маңызды істер атқарғандықтарын сезініп, бақытты санады. Өзге өңірлерге турнирге бару арқылы көптеген пікірсайысшылармен жақын танысып, өзінің қоғамдық ортасын кеңейте берді. Міне, бұл да әлеуметтенудің айқын көрінісі.

Әрине, жекелеген ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер арагідік «дебат өткіземіз» деп миллиондаған мемлекеттік тапсырыстарды алып жатады. Алайда, өкінішке орай, олардың тек 3/1 ғана тікелей пікірсайысшылармен бірлесе ұйымдастырылады немесе өткізіледі. Көбіне көп пікірсайыс турнирлері Жоғары оқу орындардың қолдауы арқасында ұйымдастырылады және бұлі ретте университет басшылықтарына ерекше алғыс айтуға болады. Мұнан бөлек, «Нұр Отан» партиясының ауыспалы кубогіне арналған дәстүрлі турнир өткізіледі.

Десе де, мәселе әлі де жетерлік.

Біріншіден, Қазақстан бойынша пікірсайысшылар мен дебат клубтарын біріктіретін ортақ ұйым жоқ. Кезінде бірнеше мәрте Республикалық пікірсайысшылар Ассоциациясын құруға талпынғандар болды. Тіпті, бірнеше құрылтай да өткізілді. Алайда, соңы нәтижесіздікке алып келді. Қазіргі Федерация осы оқылықтың орнын толтыра алса, бәлкім ең үлкен жетістік сол болар ма еді?

Екіншіден, пікірсайыс форматы мен төрешілік ету құрылымында бірнеше мәселе бар. Әр өңірдің арагідік өзіндік талаптары көптеген сұрақтар тудырады. Бұл мәселе жоғарыда атап өткен бірінші сауал шешілмей ілгері жылжымайтыны түсінікті. Десе де, кейде дизбаланс тудырып, кикілжіңдерге әкеліп жатады.

Үшіншіден, тиісті қолдау да аздық етеді. Иә, қазіргі таңда ҚР Білім және ғылым министрлігі Республикалық қосымша білім-беру оқу-әдістемелік орталығы арқылы мектеп оқушылары мен студенттер арасында пікірсайыс қозғалысын дамытуды қолға алуда. Алайда олардың құзіреттілігі мен қызметіне қатысты көптеген сауалдар бар. Олар туралы кейінірек толық мақала ретінде жазатын боламыз.

Десе де, орын алып жатқан бар мәселеге қарамай, пікірсайысшылар және пікірсайыс клубтары өз қызметін жалғастыруда және жылына мыңдаған жастар мен жасөспірімдердің әлеуметтенуіне тамшыдай болсын үлестерін қосуда.

Біздің пікірсайысшылар әлем біріншіліктерінде (иә, пікірсайыс тек қазақ тілінде емес, орыс және ағылшын тілдерінде де кең танымал) жүлделі орындар еншілеп, беделді додаларда төрелік етуде.

Пікірсайыс қозғалысының арқасында елімізге танымал журналистер мен саясаткерлер, ғылым саласының өкілдері пайда болды. Сондықтан қоғамдағы «пікірсайысшылар ұрысқақтар, түк бітірмей, бір кабинетте отырып, сөйлей береді» деген стереотиптер шындыққа жанаспайды. Бұл қозғалыс керісінше еліміздегі жастардың әлеуметтенуінде айтарлықтай маңызға ие деп толық сеніммен айта аламыз.

Қорыта келе, Қазақстандағы пікірсайыс қозғалысы жастарды әлеуметтендіруде ерекше рөл ойнайтын үлкен институт деуге толық негіз бар.

 

Бекарыстан Нұрланұлы,

Әлеуметтік ғылымдар магистрі.