Солтүстікті қалай қазақыландырамыз?

Қазіргі таңда парламенттік оппозиция институты енгізілді. Пропорционалды сайлау жүйесі жұмыс істеп тұр. Саясатта екі маңызды нәрсе бар. Олар – асықпау және кешікпеу. Қойылатын талаптарды айқындап, мажоритарлық сайлау жүйесін де қалыптастыра берген дұрыс сияқты. Бізге керегі – плюрализмнің одан әрі дамуы. Келелі мәселелер көшеде емес, парламентте шешілсе игі.

Ресей АҚШ пен НАТО-ның Солтүстік Атлантикалық Альянсқа жаңа елдерді қабылдауына, сондай-ақ Кеңес одағы құрамында болған елдерде әскери база салуларына вето қоюға қарманып, тырбанып жатыр. Әр мемлекеттің өз мүддесін алға қоюы – заңдылық. Мұндай жағдайда не істеу керек? Сағыздай созып, сөзбұйдаға салмай, Түркі мемлекеттері ұйымы арқылы Тұран әскерін құрса деген ойым бар.

Бізде, жалпы, ұлттық идеология бойынша қордаланған мәселелер жетерлік. Басымызды ауыртып, балтырымызды сыздатқандардың бірі – солтүстікті қазақыландыру. Ол аймақтағы автохтонды ұлт жағынан да шекеміз қызып отырған жоқ. Ұлтымыздың ұпайы кеткен солтүстікті тек қазақтандыру емес, қазақыландыру да маңызды екенін ұмытпаған жөн. Бұл – мәнін түсінгісі келген адам үшін жоғарғы, яғни метафизикалық мақсат.

Кейбір радикалды орыс саясаткерлері Қазақстанның солтүстігі Ресейге тиесілі деп, қисынға келмейтін мифтік көзқарастарын айтып жүр. Қырым сценарийінің қайталанғанын қалайтындары да анық байқалады.

Ұлттық сананың тәркіленуіне жол беруге болмайды. Біріншіден, ынталандыру жолымен түстіктен теріскейге бағытталған миграциялық үдерістерді қайта жандандырсақ, солтүстікте де қалың қазақты көретін күн туар. Ал ол жақтағы тілдің жағдайы аса күрделі. Оны реттеудің бір ғана жолы бар. Ол – Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң. Тіл үйренуге жанын қинағысы келмейтіндер болса да, қазақ тілін білу абсолютті заң болу керек. Бұл ат үстінен билік айта салғаннан жүзе аспас, әрине. Бұдан бөлек, шетелдік тәжірибеде, мысалы, әйгілі Гарвард университеті Массачусетсте орналасқан. Бұл АҚШ-та үлкен штат болып саналмайды. Өзім білім алған Түркияда қай жерді дамытқысы келсе, сол жерде университет салады. Солтүстік аймақта тек мемлекеттік тілде білім беретін университеттер немесе елдегі мықты деген университеттердің филиалдарын ашу керек деген пікірдемін.

Тәуелсіздігімізге тәубе дей отырып, ұлттық топонимикамыздағы «сүйелдерден» арылу мақсатында отаршылдық-тоталитарлық кезеңде қаптап кеткен большевиктік идеология жолымен қызыл империяның қып-қызыл бояуымен аты өзгеріп, Әлі де Ильичтің рухында сіресіп тұрған жер-су, елді мекен атауларын теориялық және қолданбалы жағынан зерттеу арқылы тарихи-географиялық атауларымен қайта атаудың қоғамдық-саяси маңызы зор. Науқаншылыққа салынып, оңды-солды өзгертіп, «Көкесінің атын көшеге, атасының атын ауылға қоюға» да жол берілмегені дұрыс. Ол жағын да ескерген абзал. Отандық ономастика саясатына салмақпен қарап, әсіресе елдің солтүстік аймағының, атап айтқанда Павлодар, Петропавл қалаларының аттарын өзгертіп, тілдік ландшафты бойынша жұмыстарды жүйелі жолға салу керек. Космополиттік сипаттағы атаулар болса, олар бөлек әңгіме.

«Елің – панаң, жерің – анаң», – дейді ғой қазақ. Еліміздің биік мұраттарын аңсайтын азаматтар көп болғай!

Қуаныш Жұмабекұлы
саясаттанушы, «Еуразия зерттеулері» мамандығы бойынша PhD докторы.