Құлсары қаласында адамның денесі табылды

Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласында 6 сәуірде жоғалған ер адамның денесі табылды. Ер адам ұлымен бірге өз үйін көруге шығып, оралмады. Кейінірек олардың көлігі табылды. Марқұмның қызы жергілікті билік жоғалғандарды іздемейтінін айтты. Осыдан кейін қосымша күштер тартылды.

Бүгін, 14 сәуір күні таңғы сағат 9-де Атырау облысы ТЖД және жергілікті тұрғындардың күшімен адамның денесі табылды.
Естеріңізге сала кетейік, 6 сәуірде Жылыой ауданының Құлсары қаласында 1976 жылы туған ер адам 2000 жылы туған ұлымен бірге өз бетінше тиісті рұқсатсыз су басқан тұрғын үйді тексеруге шығып, эвакуациялық пунктке қайтып оралмаған.

ТЖМ мәліметінше, іздестіру жұмыстарына жеке құрамнан 40-қа жуық адам және 6 жүзу құралдары жұмылдырылды. Бүгін ер адамның денесі олардың үйінен 1 шақырым жерде табылды. 24 жасар ұлын іздеу жұмыстары жалғасуда. Естеріңізге сала кетейік, 2 сәуірден бері Құлсары қаласында үш мәйіт табылды.

14 сәуір күні сағат 16-да 24 жасар ұлының мәйіті табылды.

«24 жасар жігіттің мәйіті тасқын судың астында 1,5 метр тереңдіктен табылды», — деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаменті.