Азамат пен Аружан – Қазақстандағы ең танымал қазақ есімдері-gov.kz

2021 жылғы санақ кезінде Қазақстанда Азамат есімді 63 мың ер адам және Аружан есімді 73 мың әйел тұрған. Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша Қазақстан халқының танымал есімдері мен тектері бойынша жарияланым шығарды.

Жарияланымдағы деректерге сәйкес, 10 реттен көп кездесетін 33 мыңнан астам есім және 100-ден астам рет кездесетін 29 мың тектің бары анықталды. Сондай-ақ, электронды кестеде қазақтардан кейін Қазақстанда көп деп саналатын орыс және өзбек ұлтының танымал есімдері мен тектері көрсетілген.

10 000-нан астам рет 136 ер және 146 әйел есімдері кездеседі. Осылайша, ер адамдар арасында ең танымал есімдер Азамат (63 мың адам), Серік (53 мың адам), Марат (50 мың адам), әйелдерде – Аружан (73 мың адам), Мадина (59 мың адам), Динара (59 мың адам) болды.

Ерлер мен әйелдер арасында бір мезгілде танымал болған есімдер – Бақыт пен Сәулет. Ерлерге де, әйелдерге де тән есімдері бар адам саны – 585 мың.