Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Біраз уақыттан кейін, мүмкін жыл соңына қарай, «Nur Otan» партиясына одан әрі төрағалық етуімнің орындылығы туралы мәселеге қайта ораламыз», – деді.
Бұл дұрыс бағыттағы қадам деген ойдамын. Президенттің бір партияның мүшесі болуы қазіргі таңда өзекті емес. Бізге «биліктің жобалары» деп халық тарапынан сыналмайтын, электораттарын ілестіре алатын партиялар қажет. Өйткені ел азаматтарының сенімі қашанда маңызды. Мысалы, өзім білім алған Түркияда Әділет және Даму партиясы, Ұлтшылдық қозғалыс партиясы, Республикалық халық партиясы және т.б. бар. Түрік ағайындар бұл партияларға жаңа идеялар мен білікті кадрлардың генераторлары ретінде үмітпен қарайды. Елдің қамы үшін жұмыс істейтіндеріне сенеді. Халықтың азаматтық белсенділігі де жаман емес. Ал оппозициялық бағыттағы Республикалық Халық партиясынан Экрем Имамоғлының Ыстамбұл қаласының әкімі болып отырғанын еске салатын болсақ, ол жақтағы саяси партиялар арасындағы шынайы бәсекелестіктің бар екеніне көз жетеді.
Жалпы, парламент тиімді шешімдер қабылдау үшін әртүрлі көзқарастардың, жан-жақты талдаулардың алаңы болу керек. Пропорционалды сайлау жүйесімен ғана қалмай, қойылатын талаптарды айқындап, мажоритарлық сайлау жүйесін де қалыптастыра берген дұрыс сияқты. Ықпалды парламентті де көретін күн туар.
2019 жылы Abai.kz ақпараттық порталында «Ақын-жазушылар мен ғалымдар парламентте отыру керек» деген мақалам жарияланған еді. Бұл жерде міндетті түрде тек ақын-жазушылар мен ғалымдар болсын деген сөз емес. Негізгі ой — парламентке халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына жете қанық, қазақтың тілі мен ділін білетін, елі мен жерін сүйетін азаматтардың баруы. Мақаланың толық мәтіні төмендегідей:
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы бастаманы мамыр айының басында өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстыру барысында жариялады. Билік пен халық арасындағы диалогты дамыту мақсатында құрылған келелі кеңестің алғашқы отырысы 6 қыркүйек күні Президенттің төрағалығымен өтті. Жаңа органның отырысында бұқараның көкейінде жүрген мәселелер қозғалып, күрмеуі көп түйіннің шешілу жолдары қарастырылды. Осы орайда, еліміз үшін маңызды кезеңде енжар қалмай, өз ойымды айта кетуді жөн көрдім.
Сан ғасырлар бойы көшпелі қазақ қоғамында заң шығарушылық қызметті билер атқарғанын және шынайы халықтық үлгідегі дала парламенті жұмыс істегенін тарихтан білеміз. Хандықтағы билер кеңесі мемлекеттің саяси-құқықтық, әскери-дипломатиялық, әлеуметтік-экономикалық жағдайын тек әдеттегі құқықпен ғана емес, елдің рухани-мәдени салт-дәстүрімен ұштастыра отырып қамтамасыз еткен. Күлтөбенің басында қабылданған «Тәуке ханның Жеті жарғысында» афоризм, мақал-мәтел, қанатты сөздердің көрініс табуы соның дәлелі. Билер «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Әз Тәукенің Жеті жарғысы» заңдар жинағындағы негізгі қағидалар мен нормаларды толық меңгеріп қана қоймай, ел-жұртының әдет-ғұрпын, шежіресін, тарихын, кемел пікірлерін шешен тілмен жеткізе алатын дара жандар болған. Болашақтың жолын бабалар салған жолдан іздеп, бүгінгі таңда да от ауызды орақ тілді ақын-жазушылар мен тіл, әдебиет, тарих саласындағы ғалымдардың Парламентке көбірек барғандары дұрыс деп ойлаймын. Қазақтың тілін, әдебиетін, тарихын жете түсінетін тұлғалар билік пен халық арасын жақындата түседі деген сенімдемін.
Түйіткілді мәселелердің түйінін тарқатуға бағытталған Ұлттық қоғамдық кеңеске халық үлкен үміт артып отырғаны рас. Бұған дейін де көптеген кеңестер мен коалициялар болған. Алайда, «Бұл кеңес бұрынғы кеңестен өзгерек» деп білемін. Ел іргесі аман, болашағымыз жарқын болсын!
Қуаныш Жұмабекұлы
«Еуразия зерттеулері» мамандығы бойынша PhD докторы,
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы
ПІКІР ЖАЗУ