Қазақ халқында «мүшел жас» деген ұғым бар. Оған ерекше мән берген. Адамның өміріне байланысты ананың құрсағындағы мерзімді есептеп, бірінші мүшелді 13 деп алған. Одан кейінгі мүшел жас әр 12 жыл қайталанған сайын есептеліп отырған. Бұл мүшел жастың қандай қатері бар? Мүшел жас туралы не білу керек? Сарапшылар не дейді? Ozgeris.info тілшісі тарқатады.
Мүшел жас дегеніміз адамның биологиясына, физиологиясына, психологиясына, жалпы туылымына, тағдырына қатысты ертеден қалыптасқан өмірлерінің буыны. Қамыстар да буынды болып келеді. Жел тұрғанда буындары сынады. Сондықтан қатерлі жас деген ұғым бар, дейді этнограф Болат Бопайұлы.
«Мүшел жас тек қазақтарда ғана емес, әлемнің бар халқында бар дүние», — дейді маман.
Мүшел жас – қазақ халқының есептеу үлгісі. Мүшелден мүшелге өтерде тән мен жан өзгеріске ұшырып, тоқырау кезеңі болады деп сенген. Дәстүрлі дүние танымымызда 12 жыл сайын мүшел қайталанып отырады. Мүшелдің алғашқысы – 13 жас, кейінгісі – 25 жас. Ішінде ең қауіпті кезең – 37 жас. Өйткені дәл осы жас – ең басты мүшел деп аталады. Жігіттік кезеңнен мосқалдау кезеңге өтіп, дүниеге қызыға қарайтын уақыты, өмірдің бел ортасы деген қазақ садақа беріп, мүшелден аман-есен өтуді сұраған.
«Мүшел жас ешқашан жұп санмен болмайды, тақ санмен болмайды. Бірінші жыл 13 жаспен қайырылған соң, кейін 12 жылдан қосылып отырады. Өзінің өткен жылы өтіп, кейінгі жыл кіргенде мүшел жастан шығады. Бірінші мүшел жас кезінде балалық шақ, ұл баланың сүндетке отыруы, қыз балаға сырға тағу, атқа отырғызу сынды салт-дәстүрлермен өтеді. 13-25 жас аралығы қасқыр сияқты жетілген шағы, 30 жасқа дейінгі ақылдың кемелденген шағы, 49-дан бастап ел басқартын, ел ағасы жасына толатын кезең. Кейін алғашқы, орта, соңғы қарттық болып бөлінеді. Мүшел жаста адам денсаулықтан келесі кезеңге ауысуы, яғни бір кезеңді аяқтап, келесі белеске өтуі. Осы кезеңде қазақ ырымдаған. Қызыл киім киіп жүрген, немесе жақсы көретін бұйымын жақсы көретін адамға немесе басқаларға садақа береді», — дейді маман.
Мүшел жасты қатерлі деп айту дұрыс емес, оны мүмкіншілік кезеңі деп қабылдау керек дейді маман. Бұл – бір кезеңнен екінші кезеңге өтетін өтпелі дәуір. Оған үлкен дайындықпен келу керек. Мәселен, 13 жас балалық кезеңнен 25 жас жігіттік шаққа өтеді. Жаңа бір белесті бағындырады. Жаңа кезеңге өткенде шамалы қиындығы болады ғой. Мәселен тоқсаныншы жылдары жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өткенде, қиындықтар болды. Сол сияқты жаңаның өзіне тән жаңалығы болады. Ал оған бірден дайын бола бермейміз. Бұл адамның өзіне есеп беретін уақыты. Осы бір мүшелді «қандай жақсылықтар жасадым? Не тындырдым?» деген сияқты сауалды өзіне қою керек. Мән-мағыналы өткізуге тырысу керек.
«Көшпелі халықтар мүшел жасқа ерекше мән берген. Бұл жаста адамға қауіп төнуі мүмкін деген түсінік бар. Мұны физиологиялық өзгерістермен түсіндіреді. Мысалы, 12–13 жасында жыныстық жетілу басталса, 36–37 жасында эмоциялық күйзелістер пайда болуы мүмкін. Ал 24–25 пен 48–49 жаста адам маңызды өмірлік шешімдер қабылдайды. Сонымен қатар психологиялық фактор да әсер етеді. Қазақ халқындағы «мүшел жас – сындарлы кезең» деген ұғым адамның бойында ішкі қобалжу тудырып, күйзеліске немесе түрлі қиындықтарға алып келуі мүмкін», — дейді этнограф.
Адамдар мүшел жаста өмір жайлы көп ойлана бастайды. Өйткені бұл жылдары адам өткен өміріне баға беріп, болашағын саралайды. Психологияда бұл құбылысты «дағдарыс кезеңі» деп атайды. 25, 37, 49 жаста адам мансабы, отбасы, денсаулығы мен құндылықтарын қайта қарайды. Қазақ халқы бұл уақытта садақа беріп, қайырымды істер жасап, рухани тұрғыда тазарып, нығаю қажет деп есептейді.
Мүшел жас – тек қазақ халқы үшін емес, бүкіл түркі жұрты үшін маңызды өмір кезеңі. Оның негізі ежелгі астрономиялық жүйелерге, биологиялық заңдылықтарға және психологиялық өзгерістерге сүйенеді. Сондықтан мүшел жасқа тек қауіп ретінде емес, жаңа белеске өтуге мүмкіндік ретінде қараған жөн.
Қазақ әр мүшелге қалай ат берген?
Бірінші мүшел – 13 жас – ер жете бастау
Екінші мүшел – 25 жас – жігіттік жас
Үшінші мүшел – 37 жас – ақыл тоқтату
Төртінші мүшел – 49 жас – кемелдену
Бесінші мүшел – 61 жас – орта жас, немере сүю
Алтыншы мүшел – 73 жас – қарттықтың басы
Жетінші мүшел – 85 жас – кәрілік
Сегізінші мүшел – 97 жас – қалжырау
Тоғызыншы мүшел – 109 жас – шөпшек сүю
Оныншы мүшел – 121 жас – немене сүю
Мүшел жаста не істеу керек?
Этнограф қазіргі заманауи қазақтарда қалыптасқан киім тарату деген әдет-ғұрыптың бұрын да болғанын айтады. Бірақ тек киім тарату ғана емес, кез келген қайырымдылық түрі құпталады.
Бұрынғы кезде киім ең қымбат зат болды. Сол қымбат нәрсені беру арқылы біреуге сый-сияпат жасайсың. Қазіргі кезде қайырымдылық жасауға, азық-түлік таратуға, ет беруге болады. Ғаламдық деңгейдегі энергетикалық ілімдер бар. Олардың құпиясы әлі бізге ашылмаған. Оны қазіргі материалдық түсінікпен біз ұға алмаймыз. Бірақ осы ілімдерде де адамның 12 жыл сайын өмірі жаңа кезеңге өтіп отыратыны айтылады. Сондықтан ата-бабаларымыз қайырымдылық жасауға үндегені бекер емес.
Этнограф айтқан энергетикалық ілімдерге қатысты сұраққа нумеролог Радмила Ескендір де пікір білдірді. Оның сөзінше, 12 жыл сайын адамның өмірінің жаңа кезеңі басталуы нумерологияда да бар екен.
«Нумерология мүшел жас туралы ештеңе айтпайды. Бірақ нумерологияда адам өмірі 12 жылдық циклдарға бөлінеді. Туғаннан 12 жасқа дейін, 12-ден 24 жасқа дейін, 24-тен 36 жасқа, 36-дан 48 жасқа дейін, 48-ден 60 жасқа дейін, 60-тан 72 жасқа дейін. Нумерологияда 36 жас – адамның орта жасы. 36 жасқа дейін адам өмірінің бірінші кезеңі, 36 жастан кейін екінші кезеңі саналады. Осылайша адамның толық ғұмыры 72 жыл деп есептеледі. 72 жастан кейін жоғарыда айтқан циклдар қайтадан басталады», — дейді маман.
Мүшел жас деген қай жас? Қазір біреулер 36-37 деп, біреулер 37-38 деп шатасып жүр.
«Әбіжат деген есеп бар. Әбіжат 18 мың ғаламның есебі. Адам 12 айда 1 жасқа толмайды. Қыз бала құрсақта жатқанда 9 ай 9 күнде дүниеге келеді. Ұл бала 9 ай 12 күн, үш күнге артық болады. Қырқынан шыққанда, қыз балаларды ертерек шығарады. Түйе де 12 айда туады. Жұп санмен есептемейді. Оның себебі бар: жұп сандар бәскелестік, жарысатын сандарға кіреді. Ал тақ сандарда жекелік, даралық сипатпен қалыптасқан. Яғни 25-те кіреді де 26-да шығады, 37-де кіреді де 38-де шығады. Осылайша есептеліп отырады», — дейді маман.
Ескі ата-бабалар дәстүрінде мүшел жасты қатер деп қабылдап алған. Ол идеология, сенім деген нәрсе. Ол ойға кіріп алса, өмір де солай болады.
«Яғни ауырдым десеңіз – ауырасыз, жазылам десеңіз – жазыласыз. Ол жылы үйленбеген дұрыс деп санаймын, алайда сенбейтін адам болса оған мән бермесе де болады. Ал жан жүрегімен қабылдап алса, онда ұстанымынан айнымағаны дұрыс», — дейді этнограф.
Этнограф басқа елдің дәстүрлеріне де тоқталып өтті.
«Қытайда мүшел жасқа кіргенде ата-балаларынан қалған киімдері болады, сол қызыл киімдерін киіп алып, тіл-көзден сақтанады. Олар үшін қызыл түс тойдың, жақсылықтың, бақыттың нышаны. Жыл бойы солай жүреді. Кейін мүшелден шыққан соң сол киімін сыйға тартады, немесе өртеп тастайды. Жамандықтар кетсін, мен аман шықтым деген ниетпен. Ал басқалары сандыққа сақтап алып қояды», — дейді сарапшы.
Жалпы мүшел жаста да, кібісе жылында туған адамдардың өмірінде де түсініп болмайтын құбылыс бар. Кібісе жылында туған кей адамдар зор жетістікке жетіп, адамзат тарихында аты қалса, кейбірінің тағдыры тіпті ауыр келеді екен. Мүшел жаста да солай, біреулерге жақсылық келе бастайды да, біреулер қиындыққа ұшырайды. Әзірге мұның сырын ашқан ешкім жоқ.
Мүшел жас қалай есептеледі?
Этнографтың сөзінше, 1 жас мүшелге кірмейді екен. Сәби 2 жастан бастап мүшелге кіреді. Адам туғаннан кейінгі бір жас микро мүшел. Бір жасқа дейін адам баласы жер бетінікі болып есептелмейді. Сондықтан 1 жас мүшелге есептелмейді. 12 жылдан жалғаса береді. 1 жастан 2 жасқа кеткен кезде мүшел басталады. Әр адам өзінің туған жылында мүшелге кіреді. Мысалы тышқан жылында туған адам тышқан жылы айналып келгенде, мүшелге кіреді.
Этнограф пен нумеролог мүшелдің адам түсініп болмайтын бір тылсымы бар екенін ескертеді. Бірақ қатерден қорықпай, қайырымдылық жасау кез келген жамандықтың алдын алады деп сендірді.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру