Конституциядан орыс тілін алып тастау туралы петиция жарияланды. 25 сәуірде E-Petition.kz сайтында «ҚР Констуитуциясындағы мемлекеттік тіл туралы» атты петиция пайда болды. Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданған петиция бастапқы 50 дауысты жинап, модерацияға жіберілген. Уәкілетті орган 20 жұмыс күні ішінде петицияның талаптарға сәйкестігін тексереді.
Петиция авторы – педагог-шебер, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Ақмарал Шатемірқызы. Ол Конституциядағы «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тек қолданылады» деген нормаларды алып тастауды немесе қайта қарауды талап етеді.
Петиция авторы қолданыстағы баптар қазақ тілін шектеп отырғанын айтады.
«Іс жүзінде көптеген мемлекеттік мекемелер мен жергілікті органдар орыс тілін басым қолдануды жалғастыруда. Бұл ҚР Конституциясының 7-бабының 1-тармағында көрсетілген «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл-қазақ тілі» деген норманың салмағын төмендетіп отыр», — дейді автор.
Қазір петиция модерацияда. Тексерістен сәтті өткен жағдайда, өтініш Үкімет деңгейінде қаралуы үшін 50 мың азаматтың қол қоюы қажет. Жалпы Конституциядан орыс тілінің мәртебесін алып тастауды талап ететін бұл алғашқы бастама емес. Қазақстандықтар 30 жылдан бері «Мемлекеттік тіл туралы заңды» қабылдауды талап етіп келеді.
Мысалы 2011 жылы Алматыда «Мемлекеттік тілді қолдау» митиңі өтті. Наразылық білдірушілер қатарында ұлт зиялылары бар. 2020 жылы Тоқаевқа ашық хат жолданды. Құжатқа 130 мыңнан астам адам қол қойған. 2022 жылы Конституциядан орыс тілін алып тастау бастамасы қайта көтерілді. Бұған қатысты пікір білдірген мәжіліс төрағасы Ерлан Қожанов Қазақстанға «орыс тілі қажет» деп мәлімдеді.
«Біз көпұлтты мемлекетпіз. Олардың сөйлесуі үшін, әрине, орыс тілі қажет. Менің ойымша, бүгінгі таңда оны Конституциядан алып тастау қажеттілігі жоқ», — деді ол.
30 жыл өтсе де қазақтардың көпшілігі өз ана тілін білмеуі әлі де өзекті. Осындай шерулер мен петициялар сөзіміздің дәлелі. Кеңес дәуірінде қазақтың ұлттық болмысын жою, оның орнына үяңдық пен сенімсіздік сияқты ұлттық комплекстерді қалыптастыру қалай жүргізілді? Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да, қазақ тілі мәселесі неге әлі күнге дейін өзекті? Бұл ретте тарихшылар мен қоғам белсенділері орыстандыру саясаты дәл біздің жерімізде неге тиімді болғанын айтып берді. Ozgeris.info тілшісі зерттеп көрді.
Соңғы 5 жылда ортақ қарым-қатынас тілі, оның ішінде мемлекеттік қазақ тілінің қолдану аясына қатысты көп жылдан бері құлыпталып жатқан «сандықтың» аузы ашылды, деп пікір білдірді қаржы маманы Айбар Олжаев.
«Қоғамның өзі диалогқа аяқ басты. Қазір біз ащы диалогтан ашық диалогқа өту кезеңіндеміз және белгілі бір межеге 2035 жылдары келе бастаймыз», — деп жазды ол.
Осы кезде, қоғамның шалыс басып кетпеуі үшін мемлекеттің белгілі бір ережелерді нақтылап бергені дұрыс. Қоғам төреші ретінде билік бекіткен заң актілері мен қағидаттарды басшылыққа алатын болады.
«Бізде бәріміз байқаған заңдылық бар. Дәл қазір қазақ тілінің мәселесі мүлде ұлтаралық, этносаралық мәселе емес. Бұл қазақ ұлтының ішкі мәселесі. Қазақ ұлты өз ішінде, бір бірімен нақты қай тілде сөйлесеміз деп әлі келісе алмай келеді. Қазақ халқы осыдан 30 жыл бұрын «қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деген Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын орындамады. Бұған басқа ұлттардың қатысы да, әсері де болған емес. Соңғы супермаркет дауындағы екі тараптың да қазақша судай ағып тұрған қазақ жігіттері екенін бәріміз көрдік», — деді ол.
Ел үшін ұлтішілік диалогтың қандай тоқтаммен, нәтижемен аяқталатыны маңызды. Қазақ халқы өз ішіндегі ортақ коммуникация тілін таңдап, бір шешімге келгеннен кейін ғана біз оны этносаралық деңгейге жылжыту керекпіз дейді сарапшылар.
Бұл мәселені белгілі бір өркениетті құқықтық ізге түсіру үшін бізге нақты шекарасы сызылған ереже қабылдау маңызды. Осы тұста мемлекет қоғамға көмектесу керек.
- Тұрмыстық жағдай. Мен қазақша (орысша, французша) сөйлеймін. Үйде, көшеде кетіп бара жатып, балаңызбен, досыңызбен, тб. қай тілде сөйлеу толық адамның өз еркі. Оған сырттан біреудің килігуі адамның құқығын шектеу болып табылады. Мемлекет басшының айтқаны дәл осы жағдайға қатысты. Бұл ереже барлық тілдерге ортақ. Яғни қазақша сөйле немесе орысша сөйле деп нұсқау беру ережеге қайшы келеді. Нұсқау беруді біз сыпайы ұсынысқа ауыстыру керекпіз. Мысалы, «қазақша түсінсеңіз сөйлеп көрейік, сізге практика болады» дегендей ұсыныс форматы қазақ ұлтын біріктіруге жұмыс істей алады.
- Қоғамдық қызмет көрсету. Яғни дүкен, кафе, шаштараз, ойын-сауық, кинотеатр, базар, тб. Бұл тұтынушылық құқық аясына кіреді. Оның нақты ережелері бар. Тұтынушы қазақша не орысша өз қалауымен сұрау сала алады және қызмет көрсетуші тарап сол тілде қызмет көрсетуге міндетті. Және ол тек ауызекі тілге қатысты емес, көрнекі ақпарат, яғни прайс, ас мәзірі сынды дүниені де қамтиды. Жалпы, бұл бағытта қазірдің өзінде 2018 жылмен салыстырғанда біршама нәрсе өте жақсы реттелді. 2030 жылы бизнес пен тұтынушы арасындағы тілдік проблемалар атымен жойылады деп болжап отыр сарапшы.
«Шала қазақ» ұғымы қайдан пайда болды?
«Шала қазақ» деген ұғым бастапқыда өзге ұлт өкілдері арасында өсіп, қазақша нашар сөйлейтін адамдарға қатысты айтылған. Сол кезеңдегі шындықты сипаттайтын атауға айналды. 90-жылдары бұл сөз жаңа мәнге ие болды. Ал бүгінде бұл ұғым өзекті емес», – тарихшы Жақсылық Сәбитов.
Сарапшылар кеңестік орыстандыру саясаты неге соншалықты тиімді болғанына да тоқталып өтті.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында нақты шаралар қабылдау қажет еді. Тарихтың сол бетін аударып, бәрі бір сәтте қазақша сөйлеп кетеді деп ойлау қисынсыз. Ол үшін уақыт керек. Неліктен әлі күнге дейін көптеген салада орыс тілі үстем? Өйткені кеңес дәуірінде халықтың басым бөлігі білімді орыс тілінде алды, ал қазақ тілді мамандар жеткіліксіз болды. Қазір елдегі мектептердің 70 пайызы қазақ тілінде білім береді. Бұл – бұрын армандайтын жетістік. Процесс жүріп жатыр. Қалай десек те, қазақ тілі өз жерінде тең құқылы тілге айналып келеді», – дейді тарихшы, Дінмұхамед Қонаевтың жиені Бахтияр Албани
Орыстандыру – бұл нақты бір мемлекеттің жүргізген нақты саясаты. Бұл тек қазақтарға ғана емес, басқа да халықтарға өз ұлттық болмысынан айыруға бағытталған саясат еді. 1905 жылға дейін қазақ тілінде кітап шығару мүлде мүмкін болмады. Бұл жағдай тек қазақтарға емес, басқа халықтарға да қатысты болды.
«Бұл мәселенің түп-төркіні ашаршылыққа барып тіреледі деп ойлаймын. Психологияда ұрпақтық жара, ұрпақтық бағдарлама деген ұғымдар бар. Ашаршылық кезінде ата-бабамыздың санасында «қазақ болу – аштықтан өлу, қауіп-қатерге ұшырау» деген қорқыныш сіңіп қалды. Менің әкем ерте жетім қалып, қазақ мектебінде оқып, қазақы ортада өсті. Бірақ өмір жолында білім мен табандылықпен жетістікке жетті. Ал мен өз балаларымды қазақ мектебіне бергенімде, әкем ашуланып, «олар адам болмайды, неге қазақ мектебіне бердің?» деп ренжитін. Оның ішкі жарасы қазақ тілімен байланысты болды: жаны қазақша қиналды, ал әлемге ол өзге тілдегі білімін көрсетіп жүрді», – дейді қазақ мифологиясын зерттеуші Зира Наурызбай.
Ол кезде казақ балабақшасын ашу ерлік еді дейді тарихшылар.
«Алматыда 60-жылдардың соңында, 70-80-жылдары небәрі екі-ақ қазақ мектебі болды. Қазақша балабақшалар болмағандықтан мені орыс балабақшасына берді. Ол жерде нағыз шовинизм, тіпті расизм байқалды. Балалардың сүйікті ойыны – “қисық көздіні ұр” деген ойын еді. Бірақ бұл өткенім менің тілге деген қарым-қатынасымды бұзбады, керісінше менің бойымда қарсы тұру сезімі оянды», – деп еске алады Зира Наурызбай.
Қазақша білім алуға мүмкіндік аз болған. Кеңес заманында мансап жасау үшін орысша оқу міндетті болатын. Университеттерде қазақ тілді мамандықтар аз болды. Басқа жол болған жоқ – білімге апарар жалғыз жол орыс тілі еді. Қазақ зиялылары да осы шындықты мойындады. Ал ел астанасында қазақтардың үлесі бар болғаны 20% еді. Қазақ мектебін ашу үшін, алдымен оның қажеттілігін дәлелдеу керек болды. Бірақ дәл сол үшін сені “ұлтшыл” деп айыптауы да мүмкін еді. Кеңес өкіметінің соңына таман тағы бір қазақ балабақшасы ашылып, Алматыда екінші қазақ балабақшасы пайда болды. Алайда оның ашылуы артынан шу шығарып, тіпті кінәлі деп танылғандар да болды, дейді тарихшы.
«Қазақ балабақшасы ашылғанда шу көтерілді, қазақтарды айыптай бастады. Бұл өте қиын жағдай. Көп адам түсінгісі келмейді: Қонаев бір өзі шешім қабылдай алатын жалғыз билеуші болған жоқ. Ол КСРО-ның жүйесінде жұмыс істеді. Жанында КГБ-ның сержанты оның жүргізушісі болды, аспазшы, тіпті үй жинаушысы да КГБ қызметкері болды. Қонаев толығымен бақылауда болды. Ол жалғыз Қазақстанның басшысы болған жоқ. Сондықтан оның кез келген қадамы бақыланды. Біз ғана емес, басқа халықтар да осы жүйеден зардап шекті», – дейді тарихшы.
Қазақ тіліне сұраныс артып келеді, бірақ…
Қазақ тіліне деген қызығушылық артты. Фильмдер түсірілуде, кітаптар жазылып, миллиондаған қаралым жинап жатқан әндер мен бейнебаяндар жарық көріп жатыр. Қазақ тілін меңгеріп жатқан адамдардың саны да артып келеді. Алайда, тілге қатысты кикілжіңдер әлі де жиі кездеседі. Қоғам өзара түсіністікке қол жеткізе алмай келеді. Тіпті ақпараттық кеңістіктің өзі екіге бөлінген – қазақтілді және орыстілді контент, аудитория әр түрлі. Мұндай жағдайда біз біртұтас азаматтық қоғам құра аламыз ба?
«Біз жақсы мысалдарды көріп отырмыз. Кейбір америкалықтар Қазақстанға келіп, үш айда қазақ тілін үйреніп алады. Кейін олар олармен қазақша сөйлеспейтінін айтып ренжіген видеолары тарады. Ал біз ағылшын тілін еш қиындықсыз үйренеміз, тіпті Англия, АҚШ-қа бармай-ақ. Бірақ қазақ тіліне келгенде түрлі сылтау табамыз», – дейді қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан.
Қорытындылай келе, сарапшылар 2035 жылдары қазақ ұлты ең басты мәселені — ішкіұлттық қарым-қатынас тілі қазақ тілі ме, әлде орыс тілі ме деген сұрақты толық шешуі тиіс деп болжайды.
«Содан кейін ғана барып, біз этносаралық коммуникация тілі мәселесін күн тәртібіне қоя аламыз. Қазір мынадай ішкі ұлттық сауалнама қажет: Құрметті қазақ азаматы, сіз ұлтішілік қарым қатынаста (қазақ — қазақ байланысы) қай тілді таңдайсыз?», — дейді Айбар Олжаев.
Оқи отырыңыздар: «Magnum және мемлекеттік тіл»: Қазақ тілін менсінбей, ұлттың абыройын таптаған бизнес аман қалады ма?
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру