Біздің қоғамда салтанатты іс-шаралар – өмірдің маңызды бөлігі. Қыз ұзату, үйлену тойы, шілдехана, мерейтой, жаназа сияқты рәсімдер дәстүрлі мәдениетіміздің ажырамас бөлігі екені анық. Алайда кейінгі жылдары бұл шаралар тек мәдени құндылық емес, сонымен қатар айтарлықтай қаржылық ауыртпалыққа айналғандай, деп жазады Ozgeris.info.
Экономист және зерттеуші Дарина Мамырова бұл құбылысты мұқият зерделеп, салтанатты іс-шаралардың орташа шығынын есептеп шықты. Оның зерттеуі бойынша, қыз ұзатуға – 1,7 миллион теңге, үйлену тойына – 1,68 миллион теңге, жаңа үй немесе көлік алғандағы дастарқанға – 1,04 миллион теңге, мерейтойға – 834 мың теңге, жаназа рәсіміне – 820 мың теңге, ал сәбидің дүниеге келуіне шамамен 523 мың теңге жұмсалады. Орта есеппен бір отбасы жылына 1 миллион теңгеден астам қаржыны осы шараларға бағыттайды, бұл олардың табысының 30-40%-ын құрайды.
– Адамдар қаржылық мүмкіндіктеріне қарамастан, «ұят болмасын» деген қағидамен қарызға батып жатады. Қаржылық сауаты жоғары азаматтардың өзі айналаның пікіріне тәуелді болып, қажетсіз шығынға ұрынады. Нәтижесінде елдегі ересек тұрғындардың 84%-ында несие бар, ал 1,7 миллион адам несиесін уақытылы төлей алмайды. 2023 жылдың наурыз айынан бастап 77 мың адам жеке тұлға ретінде банкроттық рәсімдеуге өтініш берген. Жас буын бұл жағдайды бақылап өседі. Олар ата-анасының шілдехана немесе құдалық өткізу үшін несие алып, дүние-мүлкін сатуға мәжбүр болғанын көреді. Нәтижесінде, жастар арасында дәстүр «құрмет» емес, «қысым» ретінде қабылдана бастайды, – дейді зерттеуші.
Мамырованың зерттеуі көрсеткендей, көпшілік үшін «ұят болады» түсінігі – ішкі қысымның негізгі көзі. Адамдар өз қаржылық жағдайына емес, басқалардың пікіріне қарап шешім қабылдайды. «Көршімен тең болу», «елден қалмау», «абырой сақтау» сияқты түсініктер отбасыларды қарызға батырып, қаржылық тұрақсыздыққа әкеліп жатыр.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру