Неге бізге «темірдей» бекітілген бағам қауіпті?

Неге бізге «темірдей» бекітілген бағам қауіпті?

Кейінгі уақытта теңге бағамын тұрақтандыру, яғни, оны белгілі бір деңгейде ұстап тұру туралы пікірлер қайта жиілей бастады. Бір қарағанда, бұл ұсыныс қисынды көрінеді. Халыққа да, бизнеске де болжамдылық керек. Алайда экономистер мұндай қадамның астарында күрделі тәуекелдер бар екенін ескертеді. Сарапшылардың айтуынша, еркін, құбылмалы валюта бағамы – әлсіздік емес, керісінше экономиканың қорғаныс тетігі, деп жазады Ozgeris.info.

Экономист Руслан Сұлтанов бұл мәселені қарапайым мысалмен түсіндіреді. Оның пікірінше, экономиканы сыртқы факторлардан толық оқшаулау мүмкін емес, ал бағамды күштеп ұстап тұру жағдайды одан сайын қиындатады.

«Кейде теңгеге тұрақты бағам керек, бәрін бекітіп, тәртіп орнатайық деген пікірлер айтылады. Бір қарағанда, бұл дұрыс сияқты көрінеді, өйткені бәрі тұрақтылықты қалайды. Бірақ экономиканы теңіздегі қайық ретінде елестетейік. Айналада толқындар – мұнай бағасы өзгеріп жатыр, әлемде түрлі оқиғалар болып жатыр, нарықтар қозғалыста. Осындай жағдайда бағамды қатаң бекіту дауыл кезінде қайықты бір жерге байлап қоюмен тең. Ол толқынға бейімделе алмайды, керісінше, сыну қаупі артады», дейді сарапшы.

Демек құбылмалы бағам – экономиканың сыртқы соққыларға бейімделу құралы. Бұл жүйе автоматты түрде теңгерім орнатады. Мұнай қымбаттаса, теңге нығаяды, арзандаса әлсірейді. Яғни, валюта бағамы экономикалық жағдайдың айнасы іспетті. Құбылмалы бағам амортизатор сияқты жұмыс істейді. Мұнай қымбаттаса, теңге күшейеді, өйткені елге валюта көп түседі. Мұнай арзандаса, теңге әлсірейді, сол арқылы экспорттаушыларға қолдау көрсетіледі. Экономика осы өзгерістерге бейімделіп отырады.

Бағам өзгерісінің қарапайым азаматтарға әсері де әртүрлі. Теңге нығайған кезде импорт арзандайды: шетелден келетін техника, киім, дәрі-дәрмек пен туристік сапарлар қолжетімді бола түседі. Сонымен қатар инфляция, бағаның жалпы өсу қарқыны бәсеңдейді. Бірақ мұның кері жағы да бар – экспорттаушылардың табысы азаяды, ал бюджетке түсетін кіріс қысқарады. Ал теңге әлсіреген кезде керісінше жағдай қалыптасады: экспорттаушылар үшін тиімділік артады, өйткені олар шетел валютасымен түскен табысын теңгеге айырбастағанда көбірек пайда көреді. Бұл кейбір салаларда жұмыс орындарын сақтауға көмектеседі. Алайда импорт қымбаттап, халықтың сатып алу қабілеті төмендейді.

«Бағам әрқашан ымыра. Бір уақытта бәріне тиімді ету мүмкін емес. Теңге нығайса тұтынушылар ұтады, әлсіресе экспорттаушылар ұтады. Сондықтан «ең дұрыс курс қандай?» деген сұрақтың нақты жауабы жоқ. Бұл – әрқашан таңдау мен тепе-теңдік мәселесі. Теңгенің әлсіреуін қолдайтын пікірлер әрдайым бүкіл экономика мүддесін білдіре бермейді. Көбіне бұл белгілі бір топтардың экономикалық қызығушылығымен байланысты болуы мүмкін. Теңгені әлсірету керек деген пікірлерді естігенде, оның кімге тиімді екенін түсіну маңызды. Шикізат экспорттаушылар үшін бұл тиімді – олар доллармен табыс табады, ал шығыны теңгемен. Бағам әлсіреген сайын олардың пайдасы өседі. Кейбір ірі экспорттық бизнес үшін де бұл қосымша қолдау іспетті. Сондай-ақ қаржы нарығында бағам айырмасынан табыс табатын ойыншылар бар. Сондықтан мұндай ұсыныстар әрдайым жалпы экономиканың емес, нақты топтардың мүддесін білдіруі мүмкін», деп түсіндіреді сарапшы.

Теңге бағамын күштеп ұстап тұрудың тағы бір күрделі жағы – валюталық резервтерге түсетін қысым. Мемлекет бағамды белгілі бір деңгейде сақтау үшін алтын-валюта қорын жұмсауға мәжбүр болады. Бұл ұзаққа созылмайтын тәсіл. Бағамды бекітіп ұстап тұру үшін мемлекет үнемі валюта қорын жұмсап отырады. Бұл – құлап бара жатқан қабырғаны тіреп тұрғанмен бірдей. Бір күні ресурс таусылады, сол кезде бағам күрт секіреді. Яғни, мәселе уақытша ғана кейінге шегеріледі, бірақ шешілмейді. Инвесторлар мәселесі де маңызды. Халық арасында оларды «спекулянттар» деп атау жиі кездеседі. Алайда іс жүзінде бұл – мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алатын ірі қорлар мен банктер. Олар ел экономикасына қаржы тартады. Егер инвесторларға нарықтан еркін шығу мүмкіндігі берілмесе, олар мүлде келмеуі мүмкін. Ал бұл мемлекет үшін қарыз алуды қымбаттатады. Сарапшының айтуынша, мұнай бағасы мен геосаяси факторлар теңге бағамына әсер ететіні рас. Бірақ бағам – тек осы факторлардың көрінісі.

«Бағам – бұл термометр сияқты. Ол экономиканың жағдайын көрсетеді. Егер оны «сындырсақ», яғни жасанды түрде ұстап тұрсақ, жағдай өзгермейді. Біз тек нақты картинаны көрмей қаламыз. Сондықтан басты мақсат – бағамды ұстап тұру емес, инфляцияны бақылау. Өйткені халыққа ең ауыр соққыны дәл осы бағаның өсуі береді. Жалпы алғанда, құбылмалы бағам тұрақсыздықтың белгісі емес, керісінше, экономиканың сыртқы өзгерістерге бейімделу қабілеті. Бұл жүйе кейде қолайсыз көрінгенімен, ұзақ мерзімде әлдеқайда тиімді. Теңге бағамы туралы пікірталастар көбіне «тұрақтылық» ұғымымен байланыстырылғанымен, шын мәнінде олар әртүрлі экономикалық мүдделердің көрінісі», деп қорытындылайды сарапшы Р.Сұлтанов.

 

 

Все новости