Вице-премьер Канат Бозымбаевтың Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде Өскемен жылу электр орталығының (ЖЭО) қайта жаңғырту жұмыстары таныстырылды, деп хабарлайды ozgeris.info. Бұл орталық қаладағы жылудың 80 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Биыл «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы арқылы жөндеу және құрылыс жұмыстарына 7,5 миллиард теңге бөлінбек.
Журналист Денис Кривошеевтің жазуынша, Өскемен ЖЭО-ны басқаратын «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» компаниясы Дінмұхамед Идрисовтың отбасы мүшелеріне тиесілі. Атап айтқанда, құрылтайшылар – оның жары Магда Камалқызы Идрисова мен ұлы Жармұхамед Дінмұхамедұлы Аппаз.
«Қазақстандық коммуналдық жүйелер» компаниясы 2024 жылдың желтоқсанындағы дерек бойынша еліміздегі ең ірі 75 жекеменшік компанияның қатарына кіріп, 16-орын алған. Компания 2023 жылы 222,8 миллиард теңге табыс тапқан. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғыдан 17,6 пайызға көп. Таза пайдасы үш есеге өсіп, 36,2 миллиард теңгеге жеткен. ҚКЖ Қарағанды, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласына жылу және электр энергиясын жеткізеді.
Кривошеевтің дерегіне сүйенсек, Дінмұхамед Идрисов 2022 жылы Қазақстанның ең ықпалды 50 кәсіпкерінің арасында 24-орында болса, 2024 жылы ең бай 50 бизнесменнің қатарында 18-орынға көтерілген. Оның байлығы 415 миллион долларға бағаланған. Идрисовтың түрлі ірі кәсіпорындарда үлесі бар, олардың қатарында «Ушкую» акционерлік қоғамы, «Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» акционерлік қоғамы, «Kundybai Mining» компаниясы және «Керегетас» кен компаниясы бар.
Идрисовтың ұлы Жармұхамед те бірнеше компанияның иесі болған. Солардың бірі — «YDD Corporation» серіктестігі. Бұл кәсіпорын Қарағандыда ферроқорытпа зауытын салған. Зауыт «Қазақстан Даму Банкінен» 24 миллиард теңге несие алып, салынған. 2019 жылы алғашқы пеш іске қосылған. Алайда 2022 жылы аталған зауытта кокс өндіріліп қана қоймай, заңсыз криптовалюта өндірілгені белгілі болды.
Кривошеев өз жазбасында қорытындылай келе: елімізде бәрі баяғыша, олигархтар мол табысқа кенеліп отыр, ал қарапайым халық бәрінің салмағын арқалауға мәжбүр екенін атап өтті.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру