Балаларға қарсы жасалатын жыныстық зорлық ең қорқынышты қылмыстардың бірі. Қорқыныш, ұят, туысқандардың қысымы салдарынан қоғам да үнсіз, ал нағыз қылмыскерлер жазадан құтылуда. Ең сорақысы — көп жағдайда зорлық жасағандар баланың ең жақын, сенімді адамдары болып шығады. Осы мәселеге терең үңілу маңызды, сол себепті мынау сұрақтар күн тәртібінде тұр: Неге балаларға қарсы зорлық көбейіп жатыр? Қазаққа «ұят» мәдениетінен арылатын уақыт келді ме? Жәбірленушілер үнсіз қалмау үшін не өзгеруі керек? Оларды кім қорғайды? Ozgeris.info тілшісі сарапшылардың пікірі арқылы маңызды сұрақтарға жауап іздеді.
Алдымен шошытарлық статистикадан бастайық. Кәмелет жасына толмағандарға қатысты жыныстық қылмыстар ең көп тіркелетін өңірлер анықталды. Олардың қатарына Алматы, Түркістан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Жамбыл облыстары кіреді. Бұл көрсеткіштерді былтыр бас прокуратура ұсынған. Соңғы он айда мұндай қылмыстардың саны өскен. Барлығы 820 бала зардап шеккен. 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 84 балаға көп.
Биыл Алматыда болған оқиға елді дүр сілкіндірді. Кішкентай баланы үш жыл бойы туыс ағасы зорлап келген. Әкесінен айырылған соң, оның тәрбиесімен әкесінің ағасы айналысқан. Бала 11 жасында ағасынан зорлық көрген және бұл бірнеше рет қайталанған. Қорқыныш пен ұяттан қорыққан ол ұзақ уақыт бойы ешкімге тіс жармаған. Ақыры әпкесіне айтқан соң, ол полицияға арыз беруге көмектесіпті.
Ұят сезімін сырып, ашық айтудан қорықпайтындар да бар. Анара Боранбаева 2011 жылы азаматтық некедегі күйеуімен танысқан. Ол басында өте мейірімді, қамқор болып көрінген екен. Кейін өте қызғаншақ екені байқала бастапты. Бірінші баласы дүниеге келген соң ішімдік іше бастаған. Отбасында жалпы 7 бала бар. Коронавирус пандемиясы кезінде ол жұмысынан айырылып, жағдай тіпті ушығыпты. Ал отбасын асырау үшін келіншек Call-орталықта жұмыс істеген. Бір күні түнде сұмдық жағдайды басынан кешіргенін ашық бірнеше бағдарламаға айтқан.
«Бұрын да қысым көрсетіп, мазамды алатын. Сол күні үйге қонақтар келген, кішігірім кеш ұйымдастырдық. Бір уақытта ол барлық қонақтарды шығарып салып, балаларды ұйқтатамын деп кетті. Мен асүйде қалдым, жанымда балалар ойнап жүрді. Бір кезде қызымды таппай қалдым, ұлымнан сұрасам, «әке оны бөлмесіне алып кетті, есігін жауып алды» деді. Мен есікті қалай бұзып кіргенімді білмей қалдым, қызым жалаңаш жатыр, ол да жанында жалаңаш. Көрші әйел балаларымды алып кетті. Полицияны шақырттық, біз сараптамаға бардық. Қызым сөйлей алмай қалды. Бұрын ол өте ашық, өмірге құштар бала еді. Бұл жағдай оның жанын жаралады. Менің ойымша, бұл жұғатын ауру емес, адамның ішінде бар нәрсе. Мен одан кетпегеніме өкінемін, қателігім сол. Мен толық отбасын қалаған едім, балаларымның әкесі болса екен деп ойладым», — дейді ол.
Қыздың анасынан күйеуінің туыстары жарияламауын сұраған. Тіпті ақша ұсынып, қорқытқан. Нәтижесінде қылмыскер 20 жылға сотталды. Ал Анара балаларымен туған жерінен көшіп кетті. Белгілі болғандай, қылмыскер бірнеше жылдан кейін түрмеде көз жұмған екен. Қазір оның қызы тоғыз жаста, әлі күнге дейін ер адамдардан қорқады екен, тіпті мектепте де ұл балалармен сөйлеспейді.
Айтылады да, қалады…
Кәмелет жасына толмағандарға қатысты жасалған зорлық-зомбылық қоғамда қызу талқыланып, халықтың наразылығын тудырады. Алайда уақыт өткеннен кейін бәрі ұмытылып кетеді. Сарапшылардың айтуынша, мәселе тек қылмыс жасаушыларда емес, түбінде тәрбиеге келіп тіреледі. Көптеген отбасында балалар үлкендерге «жоқ» деп айта алмайды. Әсіресе ағасы мен атасы, кез келген ересек адамның айтқаны заң деп ойлайды. Одан бөлек мұндай тақырыптарды қоғамда айтуға болмайды деген түсінікті де бойларына сіңіріп тастаған. Осындай «ұят» мәдениеті жойылмайынша, жәбір көрушілердің саны да арта береді дейді мамандар.
«Мұнда кем дегенде үш фактор бар: мемлекеттік, қоғамдық және отбасылық. Отбасында баланың тәрбиесіне ерекше мән берілуі керек. Қазір ақпарат өте көп. Балаларға қауіпсіздік туралы ақпарат беру маңызды. Бірақ отбасында бұған көңіл бөлініп жатыр ма? Міне, мәселе осында. Ақпараттандыру мен сенім. Қоғамда зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік әлі қалыптаспаған. Егер қоғам кез келген агрессияға, зорлыққа бірдей реакция танытса, мұндай оқиғалар аз болар еді. Ал мемлекеттің нақты позициясы жоқ. Бір жағынан мемлекет әйелдер мен балаларды қорғау керек дейді, екінші жағынан дәстүрлі отбасылық құндылықтарды насихаттайды. Бірақ сол дәстүрлердің астарында «ұят» деген түсінік жатыр. «Отбасындағы мәселе отбасында қалуы керек» деген пікір үстем», — дейді «НемолчиKZ» қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі.
Ал екінші сарапшының пікірінше, қазақтың тым қонақжайлылығы қазіргі қоғамда қауіпті.
«Біздің халық өте қонақжай. Үйімізге бәрі келе береді. Мысалы менің анам дәрігер, сол кезде бізге де жиі қонақтар келетін. Сол кезде туысқандарынан, мысалы ата, аға, көкелері тарапынан жыныстық зорлық көргендердің оқиғаларын көп еститінмін. Бірақ ол туралы ешкім айтпайтын да, шағымданбайтын да. Себебі бізде ұят басым. Қазір мен отбасыны қолдау орталығын басқарамын, бұрын кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияда істедім. Қорқынышты жағдайларды өз көзіммен көрдім. Сол кездегі бір оқиғаны айтып берейін. 14 жастағы қызды бірнеше рет психиатриялық ауруханаға жатқызған, себебі ол өзіне қол жұмсамақ болды. Кейін психологтармен жұмыс істегенде, 9 жасынан бастап туған ағасы зорлап келгені анықталды. Анасымен сөйлестік, ол баласын әдейі ертерек үйлендіріп, қызына тимеуін өтінген. Бірақ ол бәрібір зорлап келген. Салдарынан қыз үйінен жиі қашып кететін, ал жұрт оны сыртынан бұзылған, нашақор деп ойлайтын. Не айтсақ та, ата-анасы полицияға арыз беруден бас тартты, «ұят болады» деді. Осы «ұяттың» кесірінен қаншама тағдыр бүлінеді. Мұндай жағдайлар өте көп. Түркістан облысынан да жиі хабарласып, көмек сұрайды. Көп жағдайда зорлық жасаушылар бөтендер емес, жақындар. Себебі олар бала ешкімге айтпайтынын біледі. «Ұят болады», «ешкімге айтпа», «өлтірем» деген осы сөздерден балалар үнемі қорқынышта өмір сүреді», — дейді «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Ақмарал Басирова.
Сарапшылар қазіргі заманда ең алдымен мәдениет өзгеруі керек деген кеңес берді. Айтуларынша, қазір ешкімге, тіпті туысқандарға да сенім қалмады.
«Үйге әркімді қонаққа шақыра беруді тоқтату керек. Педофилдер көбіне сыпайы, тіл табысқыш, балалармен жақсы сөйлесетін адамдар. Соларға балалар сеніп, соңынан ереді», — дейді маман.
Сонымен қатар мемлекеттің жұмысының ақсап тұрғаны да сөз болды. Сарапшылардың ойынша, мемлекет балалардың құқығын қорғауға бар күшін салмайды, тіпті нақты жүйе де қалыптаспаған.
«Бізде ата-ана мен бала арасында өзара түсіністік пен сенім болу керек. Баланы өзін қорғауға үйрету қажет, баланың сенетін адамдары бар екенін көрсету керек. Ал мемлекет тарапынан балаларға сапалы заңгерлік көмек, тәуелсіз психологтар қажет, ал бізде олар мектептер мен министрлікке тәуелді. Сондықтан балалар ішіндегісін толық ашып айта алмайды. Басты қорқыныштары оған ешкім сенбейді деген үрей. Сондай-ақ отбасы бұзылады, ертең мен кінәлі боламын деп ойлап, бала үлкендердің жауапкершілігін өз мойнына іліп жүре береді», — дейді Дина Таңсәрі.
Бұдан бөлек түсіндіру жұмыстары мектептер мен колледждерде ашық айтылатын уақыт келді дейді мамандар.
«Бізде спорт пен шығармашылық дамымаған. Ал АҚШ-та бұл жақсы жолға қойылған. Колледжде спортпен айналысу тіпті кәсіби деңгейге дейін дамыған. Себебі балалар бүкіл энергиясын соған жұмсайды. Үйіне келіп тек сабағын оқып, болашағын ойлайды. Ал бізде сексуалдық зорлықтың өзі культке айналып барады», — дейді Дина Таңсәрі.
Шежіретанушы маманның пікірінше, педофилия — психикалық ауытқу. Бұл мәселені зерттеу керек, әсіресе олардың балалық шағы, ата-анасымен қарым-қатынасы, қандай да бір зорлық көрген-көрмегені, тіпті ата-бабаларының тарихына дейін қарастыру қажет.
«Көбіне мұндай ауытқулар сол балалық шақтағы жарақаттың салдары. Бұл іспен арнайы комиссия айналысуы керек. Мәселе өте күрделі. Бұл жерде психолог, психотерапевт, тіпті мен сияқты әр түрлі сала мамандары жиналып, мемлекеттік деңгейде қарастыру керек. Мысалы, Германияда екінші дүниежүзілік соғыстан кейін олар агрессор ұлттан жәбірленушіге айналды. Алайда олар бұл күйден қалай шықты? Мемлекеттік комиссия құрылып, арнайы бағдарлама жасалған. Сол арқылы бүкіл ұлттың бойындағы кінә сезімін жойып, жақсы өмір сүруіне көмектескен», — дейді Әлия Сағымбаева.
Балаларға жасалған жыныстық зорлық-зомбылық жай ғана қылмыс емес, бұл бүкіл қоғамның дерті. Ал бұл дертті қоғам жылдар бойы елемей келеді. Салдарынан «ұят» мәдениеті қорқыныш пен үнсіздікке айналды. Жәбірленушілер ашық айта алмай, қылмыскерлер жазадан құтылатын жүйе қалыптасып барады. Сондықтан сарапшылар ең алдымен қорықпай айтуға, екіншіден «ұят» мәдениетінен арылып, балаларды қорғауға шақырды. Ал қылмыскерлер міндетті түрде лайықты жазасын алу керек.
Жаңа заң – жаңа талап
Айта кетейік, былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң күшіне енді. 16 маусымда «Әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заң күшіне енді. Мемлекет басшысы әйелдердің құқықтарымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдарға 15 сәуірде қол қойған.
Жаңа заңда балаларға қарсы зорлық-зомбылықтың кез келген түрін көрсету жауапкершілігі едәуір күшейтілді. Қылмыстық кодексте кәмелетке толмағандарға қарсы денсаулыққа зиян келтіруден бастап ұрлау мен өлтіруге дейінгі қылмыстардың тізбесі жүйеленген және нақты анықталған. Мұндай әрекеттерді жасаған адамдар татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатыла алмайды.
Кәмелетке толмағандарды өлтіргені, зорлағаны, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі ең ауыр жаза қарастырылған.
Балаларды ұрлағаны үшін бұдан былай 10 жылдан 15 жылға дейін (бұрын 7 жылдан 12 жылға дейін), ал заңсыз бас бостандығынан айыру үшін – 5 жылдан 10 жылған дейін (бұрын 5 жылға дейін) бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Алғаш рет 16 жасқа толмаған адамдарға жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Осы нормалар қабылданғанға дейін мұндай жауапкершілік 14 жасқа толмағандарға тиіскені үшін ғана қарастырылған. Ол үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл, түзету жұмыстары немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар не 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделген.
Балаларды ұрлағаны үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру (бұрын 7 жылдан 12 жылға дейін), ал заңсыз бас бостандығынан айыру үшін – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру (бұрын 5 жылға дейін) көзделген.
Булингке жол жоқ
Жаңа заң сонымен қатар суицидті азайтуға бағытталған. Егер бұрын тек өз-өзіне қол жұмсауға итермелегені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген болса, енді-өзін-өзі өлтіруге итермелеу және жәрдемдесу үшін жауапкершілік қарастырылады.
Кәмелетке толмағандарға қатысты мұндай әрекеттер 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады. Осылайша, бұл шаралар суицидтің алдын алуды да, кінәлілердің жауапкершілігін де күшейтеді.
Жаңа заң педофилдердің балаларды өлтіру фактісі бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі ең ауыр жазаны қарастырады. Бұл жағдайда кез келген балама заң алынып тасталады. Осылайша, қоғамда мұндай адамдарға мүлдем төзбеушілік қалыптасады.
Жаңа нормалар мектептердегі қорлаумен күресуге бағытталған. Осылайша, кәмелетке толмағанды қорлау (қорқыту, киббербулинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді. Бұл әрекет үшін ескерту немесе 10 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Қайта қорқыту үшін 30 АЕК (110 760 теңге) түрінде айыппұл көзделген.
Ал егер бұл әрекетті 12 жастан 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар жасаса – ескерту жасауға немесе ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға 10 АЕК айыппұл салуға әкеп соғады.
Құрдастарын қорқытатын балалардың ата-аналары үшін жауапкершілікті арттыру оларды балаларының тәрбиесіне байыпты қарауына мәжбүрлейді.
Білім беру ұйымдарының кәмелетке толмағандардың немесе оларға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлау міндеті белгіленген.
Қоғамдық көліктерден 16 жасқа дейінгі балаларды мәжбүрлеп түсірудің көптеген жағдайлары белгілі. Бұл көбінесе мектептен өздігінен оралатын бала үшін қауіпті. Енді бұл құқық бұзушылық болып саналады, ол үшін 5 АЕК (18 460 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру