Жеңіс күні қарсаңында елде шулы оқиға орын алды. 7 мамырда араға бес жыл салып Астанада әскери парад өті. Алайда мерекелік іс-шараға тұрғындардың көбі кіре алмаған. Олардың арасында 97 жастағы тыл ардагері, қазақтан шыққан тұңғыщ нейрохирург Теңдік Изақов бар. Қарт ардагерді парадқа кіргізбей қойыпты. Видео әлеуметтік желіде тарап, халықтың ашуына тиді. Қала әкімдігі ақталып, орын саны шектеулі екенін айтты. Кейін әкімдік болған жағдай үшін ардагерден кешіріп сұрап, 9 мамырда өтетін гүл шоқтарын қою рәсіміне шақырыпты. Бұл жағдай көпшіліктің наразылығын ғана тудырмай, көңіліне де ауыр тиді. Соңғы деректер бойынша елімізде II дүниежүзілік соғысқа қатысқан 106 ардагер ғана қалған. Ал олардың Жеңіс жолындағы ерліктері осылайша қорланбауы тиіс. Ozgeris.info тілшісі бұл ретте Жеңістің жасырын қаһармандарының ерлігі туралы материал ұсынады.
Ұлы Отан соғысына Қазақстан біртұтас елдің құрамында қатысты. Соғыс дерті тимеген бірде-бір отбасы жоқ. Аталарымыз майданға аттанса, әжелеріміз тылда еңбек етіп, Жеңіске өз үлесін қосты. Сол жылдардың басты ұраны — «Барлығы майдан үшін, барлығы Жеңіс үшін» болды. Қазақстанда соғыс кезінде әртүрлі әскери бөлімдерден 70-тен астам құрылым жасақталды. Сталинград шайқасына 50 мыңға жуық қазақстандық қатысты. Аты аңызға айналған Панфилов дивизиясының 28 жауынгері Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Жеңіс күні қарсаңында еске алатын жайттар көп. Ұлы Отан соғысы майдандарында 600 мыңнан астам отандасымыз шайқасты, тағы жүздеген мың адам тылда жеңіс үшін тер төкті.
Тылда әйелдер мен қарттар (70%) және жастар мен балалар (30%) күн-түн демей еңбек етті. Егіншілер мен малшылар да Жеңіске зор үлесін қосты. Олар майдан мен елге нан, ет, картоп, көкөніс пен сүт өнімдерін жеткізіп отырды. Қазақстан жау басып алған және майдан шебіне жақын өңірлерден 1,5 миллион адамды қабылдап, бар жақсылығын жасады. 144 балалар үйінде 17 мыңнан астам жетім бала тәрбиеленсе, 4 мыңнан астамын қазақстандық отбасылар асырап алған.
2025 жыл —Жеңістің 80 жылдығы
Төрт жылға созылған ауыр, қан төгілген соғыста ел бар күшін салып, жауды жеңу жолында жан аямай күресті. Осы тұста Жеңіске орасан үлес қосқан азаматтардың ерлігі жайлы айтқан дұрыс. Әскери-медициналық қызмет сарбаздары, ғалымдар, госпиталь мен партизан отрядтарының дәрігерлері мен медбикелерінің ерлігін ешкім ұмытқан жоқ. Статистика бойынша жараланғандардың 90 пайызы емделген соң қайта соғысқа аттанған. Бұл, әрине, медицина қызметкерлерінің ерен ерлігінің айғағы.
Медицина қызметкерлері майдандағы көрінбейтін қаһармандар. Олар да жауынгерлермен бірге окопта болды, уақытша салынған лашықтар мен палаткаларда тұрып, жаралыларды ажалдан арашалп қалу үшін кұштерін аямады. Сарапшылардыі пікірінше, сол жылдары медицина көптеген қиындыққа тап болды. Майдан шебінде тәжірибелі хирургтар мен білікті дәрігерлер жетіспеді. Бұл қиындық Қазақ ұлттық медицина университетіне де әсер етті. Ол кезде бұл оқу орны Алма-Ата медицина институты деп аталған. 1941 жылы институтқа небәрі 11 жыл ғана болған. Жаңа кафедралар ашылып, оқытушылар құрамы қалыптасып жатқан еді.
Соғыс басталған күні, 23 маусымда институтта студенттер мен оқытушылар жиналып, Жеңіске сенім, Отанды қорғауға дайын екендіктерін білдірді. Демалыстар тоқтатылып, көп ұзамай түлектердің барлығы майданға аттанған.
Соғыс жылдарында институт бір күн де жұмысын тоқтатпады, себебі майданға медициналық көмек ауадай қажет болды. Алматыдағы госпитальдар жаралыларды қалпына келтіру бойынша ең жоғары нәтиже көрсетті. Яғни 75%-ы қайта сапқа қосылған. Бұл әлем бойынша ең жоғары көрсеткіш.
Отандық медицина қызметкерлері де солдаттар мен офицерлер сияқты майданда ерлік көрсетті. Хирургтер, терапевтер, санитарлық дәрігерлер, эпидемиологтар, фельдшерлер, медбикелер барша қиындыққа төтеп беріп, мыңдаған адамды ажалдан құтқарған батырлар.
Соғысқа екі мыңға жуық қазақстандық дәрігер қатысты. КазНМУ-дың 1500-ге жуық түлегі майданға аттанып, олардың 380-і оралмаған. Бүгінде университет өз батырларын әрқашан еске алады. Оқу орнында соғыста қаза тапқан студенттер мен оқытушылардың есімдері жазылған мемориал қабырға мен Жеңіс аллеясы бар.
Соғыс жылдары Қазақстанда жаралылар мен ауруларды қабылдау үшін эвакогоспитальдар ашу бағытында ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілген. Осындай емдеу мекемелерінің бірі Павлодарда орналасты. №2448 госпиталь қазіргі тарихи-өлкетану музейінің ғимаратында ашылды.
1941 жылдың қарашасында Павлодар вокзалына Мәскеу түбінен шыққан алғашқы санитарлық пойыз келді. Жаралы жауынгерлер саны шамамен 400-ге жуық болды, олар осы госпитальға орналастырылды. Соғыс жылдары ол жерде сауда қатарлары мен дүкендер орналасқан. Кейінірек госпиталь бөлімшелері Щербақты ауылында және Ленинский кентінде де ашылды.
«Госпиталь тек ем-доммен ғана көмектесіп қойған жоқ, азық-түлікпен де қамтамасыз етті. Кешкісін мұнда көңілді болған. Жастар кешкісін осында жиналып, бір-біріне көмектескен, таңғыш жуып, хат жазып, тіпті концерт өткізген. Көркемөнерпаздар үйірмесі де болған. Қан тапсырып, көптеген өмірді құтқарып қалған жандар аз емес», — дейді музей қызметкері Людмила Курилина.
Қызыл Армияның офицерлері соғыстың зардабынан ойраны шыққан жолдармен жүріп екі ай ішінде Павлодарға әрең келген. Алғашқы жаралыларды аман алып қалу мүмкін болмады, дейді мамандар. Олардың денелері ескі зираттағы бауырластар бейітінде жерленген. Госпиталь екі жыл жұмыс істеді. Көптеген жауынгер алған жарақаттан емес, уақытында көмек болмағаннан көз жұмды дейді сарапшылар.
«1943 жылы Сталин санитарлық пойыздар мен госпитальдарды тарату жөнінде бұйрық шығарды. Госпитальдар бірден майдан шебіне көшірілді. Павлодарлық госпиталь да көшіп кетті. Сол кезде медбикелерге көмек көрсетіп жүрген қыздар сол госпитальмен бірге қашып кеткендері аз емес. Осылайша тәжірибе жинаған 33 қыз өз еркімен майданға аттанды», — дейді маман.
Алматыдағы ең көне ауруханалардың бірі, соғыс кезінде жаралыларды қабылдаған мекеме, алғаш 1941 жылы Мәскеу облысындағы Коломна қаласында ашылған. Жағдай өзгерген сайын, бұл аурухана Әзірбайжан мен Түрікменстан аумақтарына, ал 1944 жылы Алматыға ауыстырылды. Қазір бұл мекеме әлі де әскери қызметшілерге, олардың отбасы мүшелеріне, зейнеткерлер мен ардагерлерге медициналық көмек көрсетіп келеді.
«Госпиталь заманауи клиникаға айналды. Бізде қазіргі заманға сай диагностика, хирургия және эндовидео-хирургия, реанимациялық құрылғылар бар», — дейді ҚР Қорғаныс министрлігі әскери-клиникалық госпиталь бастығының орынбасары Абдували Палтушев.
Госпиталь дәрігерлері тек соғыста жарақат алғандарға ғана емес, түрлі апаттан зардап шеккендерге де көмек көрсетеді. Мысалы, 2020 жылы Бейрут портындағы жарылыстан кейін, дәрігерлер Ливанға көмекке барған.
Орталық Азияның Жеңіске қосқан үлесі
Ұлы Отан соғысы кезінде Орталық Азия Кеңес Одағының тірегіне айналды. Бұл аймақта Қызыл Армияның жаралыларын емдеп, қатарға қосқан жүздеген эвакогоспитальдар ашылған. Бұл госпитальдар науқастарды емдеп қана қоймай, сонымен қатар көптеген жауынгерлерді сапқа қайта қосып, соғыстың тағдырын айқындауда стратегиялық маңызға ие болды.
Соғыс басталған 1941 жылы Кеңес Одағы жаралыларды емдеу үшін кең көлемді медициналық мекемелер жүйесін құру қажеттігіне тап болды. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатының деректеріне сүйенсек, соғыс жылдары 6000-нан астам эвакуациялық госпитальдар құрылған, олардың едәуір бөлігі Орталық Азия сияқты тылдық аймақтарға орналастырылған. Қарсыласу орындары болмаған Орталық Азия эвакуациялық госпитальдарды орналастыру үшін негізгі орталыққа айналып, алғы шептегі медициналық мекемелерді жеңілдетуге мүмкіндік берді.
Тарихи зерттеулерге сүйенсек, Қазақ КСР-де соғыс жылдарында 100-ден астам эвакуациялық госпиталь жұмыс істеп, 200 000-ға жуық жаралы емделген. Мәселен, Семейде бірнеше госпиталь, соның ішінде ЭГ №1716 жұмыс істеді, онда іш қуысындағы ауыр жарақаттарды емдеу сияқты күрделі операциялар жасалды. Өзбек КСР-де госпитальдар саны 80-ге жетті, ал кереуеттердің жалпы саны шамамен 30 000-ды құрады. Ташкент ірі медициналық орталыққа айналып, госпиталь №3678 қызмет етті. Қырғыз КСР-де шамамен 40 госпиталь, Тәжік КСР-де 30, Түрікмен КСР-де 20-ға жуық госпиталь орналастырылды.
Госпитальдар мектептер, санаторийлер, демалыс үйлері және басқа да қоғамдық нысандардың ғимараттарында орналастырылып, медициналық қажеттіліктерге бейімделді. Мәселен, Сарапулда (Орталық Азиямен шектесетін Удмуртия АССР-інде) ЭГ №1735, 1736 және 3892 мектеп ғимараттарында орналасып, олардың қызметін еске салатын мемориалды тақталармен белгіленді. Баку қаласында, Орталық Азияға кірмесе де, онымен тығыз байланысты госпиталь №4115 мектеп №192-де жұмыс істеді, мұнда ампутация және ауыр жарақаттанған сарбаздар емделді.
Госпиталь жұмысы көптеген қиындықтарға тап болды. Біріншіден, білікті кадрлардың жетіспеушілігі. Көптеген дәрігерлер мен медбикелер майданға шақырылып, тылда негізінен жас мамандар мен еріктілер жұмыс істеді. Екіншіден, госпитальдарды дәрі-дәрмекпен және жабдықтармен қамтамасыз ету шектеулі болды. Кейбір жағдайларда, мысалы, Нижний Тагилде, жараларды өңдеу үшін мақта жетіспегендіктен залалсыздандырылған мүк қолданылды. Үшіншіден, ірі шабуылдау операциялары кезінде госпитальдардың артық жүктелуі кереуеттердің толып кетуіне әкелді.
Осы қиындықтарға қарамастан, Орталық Азиядағы госпитальдар жоғары тиімділік көрсетті. Орталық Азия елдерін зерттеу порталының мәліметтеріне сәйкес, бүкіл Кеңес Одағында жаралылардың 72,3%-ы және науқастардың 90,6%-ы сапқа қайта оралған. Өңірге жақын Новосибирскіде соғыс жылдары 218 611 әскери қызметкердің денсаулығы қалпына келтіріліп, 55 000 операция және 17 500 қан құю жүргізілді. Семейде эвакуациялық госпитальдар жаралылардың 70%-ын аяққа тұрғызып, армияны резервтермен толықтыруға ат салысқан екен.
Госпитальдардың әлеуметтік рөлі де маңызды болды. Олар патриоттық жұмыстың орталықтарына айналған. Концерттер ұйымдастырылып, майданнан келген хаттар оқылып, қаражат та жинаған. Жергілікті халық госпитальдарға төсек, ыдыс-аяқ және азық-түлік беріп, госпитальдардың қажеттіліктерінің 90%-ын жапқан. Өзбекстанда ұсталықпен айналысқан Шаахмед Шамахмұдов пен оның жұбайы ұрыс қимылдары аймағынан эвакуацияланған 15 жетімді асырап алған.
Ұлы Отан соғысы бүкіл ел үшін үлкен қасірет пен сынақ болды. Қазақстан мен көрші елдердің госпитальдары Жеңіске жетуде шешуші рөл атқарғаны тарихта мәңгі жазылды. Олардың ерлігі ұмытылмауға тиіс.
Тарихи жадымыз — батырлар алдындағы борышымыз.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру