💰 Экономика

Зейнетақыдағы ақшаға қол жеткізу қиындай түсуі мүмкін

Зейнетақыдағы ақшаға қол жеткізу қиындай түсуі мүмкін

Қазақстандықтарға зейнетақы қорындағы ақшаны мерзімінен бұрын алу алдағы уақытта қиындай түсуі мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспана алуға немесе емделуге пайдаланылатын зейнетақы жинағына қойылатын «жеткіліктілік шегін» көтермек, деп жазады Ozgeris.info.

Бұл туралы Асқарбек Ертаев Жұмыс берушілер қауымдастығы форумында айтты. Оның сөзінше, жаңа есептеу формуласы дайындалып жатыр және өзгеріс мамыр айының соңына дейін ресми түрде жариялануы мүмкін.

Министрдің айтуынша, жеткіліктілік шегі кей жас санаттары бойынша шамамен 79 пайызға дейін өседі. Әсіресе 23 пен 35 жас аралығындағы және 35 пен 63 жас арасындағы салымшыларға талап күшейеді. Қарапайым тілмен айтқанда, егер бұрын азамат зейнетақы қорынан ақша алу үшін шотында шартты түрде 1 миллион теңге қалдыруы керек болса, енді ол сома шамамен 1,8 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Министрлік мұндай қадамға кездейсоқ барып отырған жоқ. Соңғы бес жылда қазақстандықтар зейнетақы қорынан 5,7 триллион теңге шешіп алған. Оның басым бөлігі ипотека мен несиені жабуға жұмсалған.

«Негізгі басым бөлігі несие жабуға кетті. Әрине, банктер үшін бұл қаражат өте қызық ресурс. Бірақ Еңбек министрлігінің ұстанымы – халық ақша жинауы керек. Жинақтаушы қор барлық елде қаражат жинау қызметін атқарады. Сіз бен біз зейнет жасына жеткенде осы қордан лайықты төлем алуымыз қажет», деді Асқарбек Ертаев.

Шенеуніктердің алаңдауынша, егер қазір талап күшейтілмесе, болашақта көптеген азамат зейнет жасына жеткенде жеткілікті төлемсіз қалуы мүмкін. Себебі бүгін алынған әр теңге ертеңгі зейнетақы көлемін азайтады.

Алайда қоғамда бұл мәселеге қатысты пікір екіге бөлініп отыр. Бірі «зейнетақы – кәрілікке арналған ақша, оған тиіспеу керек» десе, енді бірі қазіргі қымбатшылық пен несие қысқан заманда халық сол жинаққа амалсыз қол созып отырғанын айтады. Әсіресе баспана бағасы шарықтап, ипотека төлемі өскен кезде көпшілік үшін зейнетақы жинағы қиындықтан шығатын жалғыз мүмкіндікке айналған.

 

Барлық жаңалық