💰 Экономика

Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу қиындай түседі

Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу қиындай түседі

Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану тәртібі қайта өзгереді. Үкімет жаңа зейнетақы жүйесіне қатысты есептеу әдістемесін бекітті, деп жазады Ozgeris.info.

Енді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражатты алу кезінде қолданылатын «жеткілікті шек» жаңаша есептеледі. Бұл – азаматтың есепшотында міндетті түрде қалуы тиіс ең төменгі сома. Жаңа өзгерістер зейнетақы жинағын ерте пайдалану мүмкіндігін шектеп, болашақтағы төлемдердің тұрақтылығын сақтауға бағытталған.

Жаңа тәртіпке сәйкес, енді жеткілікті шек қайта есептеледі. Есептеу барысында жылдық табыстылық мөлшері 9 пайыз көлемінде, ал зейнетақы төлемдерін индекстеу деңгейі 8 пайыз шамасында қаралады. Осы көрсеткіштер арқылы мемлекет зейнетақы қорындағы қаражаттың болашақта азаматқа қанша уақытқа жететінін қайта есептемек.

Осылайша әр жастағы азамат үшін жеке «жеткілікті сома» анықталады. Сонымен қатар жаңа ережеге сәйкес, жеткілікті шек өткен жылғы деңгейден төмен болмайды және инфляция болжамынан жоғары деңгейде есептелуге тиіс.Жаңа әдістеме ресми жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң күшіне енеді. Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2026 жылға арналған жаңа шектерді үш жұмыс күні ішінде жариялайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуға қатысты минималды жеткілікті шекті анықтау тәсілі қайта қаралып жатқанын хабарлады.

Ведомствоның түсіндіруінше, зейнетақы жинағы күнделікті шығынға емес, азаматты зейнет жасында тұрақты табыспен қамтамасыз етуге арналған қаражат саналады. Сондықтан жаңа тәсіл бірнеше негізгі факторды ескере отырып есептеледі.

Атап айтқанда, есептеу кезінде:
– өмір сүру ұзақтығы;
– жинақтардың инвестициялық табыстылығы;
– болашақ зейнетақы төлемдерінің мақсатты деңгейі назарға алынады.

Министрлік мысал ретінде 46 жастағы салымшыны келтірген. Оның есепшотында 11 миллион теңге жинақ бар. Қазіргі есеп бойынша жеткілікті шек 7,8 миллион теңге болғандықтан, ол 3,2 миллион теңгені пайдалана алады.

Алайда министрліктің мәліметінше, осы қаражатты мерзімінен бұрын шешіп алған жағдайда азаматтың болашақтағы зейнетақысы шамамен 35,6 мың теңге ғана болуы мүмкін. Бұл – күнкөріс минимумы деңгейінің шамамен 70 пайызы. Ал егер жинақ қорда сақталса, болашақтағы төлем көлемі 2-2,5 есе жоғары болуы ықтимал. Яғни, жаңа әдістеме азаматтардың зейнетақы жинағын ерте пайдалануын шектеп, болашақтағы зейнетақы тұрақтылығын күшейтуге бағытталған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ерсаев та Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан ақша алу үшін қолданылатын жеткіліктілік шегін көтеру жоспарланып отырғанын айтты. Министрдің сөзінше, өсім салымшының жасына байланысты 79 пайызға дейін жетуі мүмкін. Жаңа есептеулер мен формулалар осы айда ресми түрде жарияланады. Бұл өзгерістерден кейін қазақстандықтарға зейнетақы қорындағы артық қаражатты пайдалану бұрынғыға қарағанда әлдеқайда қиындай түсуі мүмкін. Еңбек министрлігі бұл шешімді ең алдымен қартайған шақта жиналған қаражаттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажеттігімен түсіндіреді.

Ведомствоның мәліметінше, соңғы бес жылда қазақстандықтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан шамамен 5,7 триллион теңге алған. Бұл қаражаттың басым бөлігі ипотека мен түрлі кредиттерді жабуға жұмсалған.

 «Қазақстандықтар әлі де жинақтағы ақшасының тиісті шектен асқан бөлігін пайдалана алады. Алайда оның мөлшерін қысқарту қарастырылып жатыр», деді Асқарбек Ерсаев.

Айта кетейік, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төлем тағайындау тәртібі де өзгерген болатын. Енді зейнет жасына жеткен азаматтарға өтініш берудің немесе Қор бөлімшесіне барудың қажеті жоқ. Барлық рәсім автоматты түрде жүргізіледі. Қазіргі таңда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері 25,9 триллион теңгеге жеткен.

 

Барлық жаңалық