Еліміздің Конституциялық Соты 2026 жылғы Конституцияның жоғары мемлекеттік лауазымдарға сайлану және тағайындалу тәртібіне қатысты нормаларына ресми түсіндірме берді. Соттың шешіміне сәйкес, 1995 жылғы Конституция қолданыста болған кезеңдегі қызмет мерзімі мен сол уақыттағы сайлану немесе тағайындалу фактілері жаңа Конституцияда белгіленген шектеулерді қолдану кезінде есепке алынбайды. Осыған байланысты белгілі адвокат Ләззат Ахатова бұл шешімнің құқықтық және саяси маңызына тоқталып, оның ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлін бағалады, деп жазады Оzgeris.info тілшісі.
Оның айтуынша, кез келген мемлекет үшін ішкі тұрақтылық аса маңызды, ал Конституцияның жекелеген нормаларына ресми түсіндірме беру – әлемде бұрыннан қалыптасқан құқықтық тәжірибе.
«Референдумда қабылданған жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енді. Дегенмен, Ата заңымыздағы кей нормаларға қатысты мәселенің басы ашық күйінде қалып отыр. Президенттің Конституциялық Сотқа сұрау салуы да осыған байланысты. Негізі, бұл әлемде қалыптасқан тәжірибе. Пәленбай жылдық тарихы бар мемлекеттерде де Конституцияның кей баптарын түсіндіруді сұрап жатады», – деді Ләззат Ахатова.
Адвокаттың пікірінше, Президенттің Конституциялық Сотқа жүгінуі ішкі тұрақтылыққа нұқсан келтіруге ұмтылатын күштердің әрекетіне құқықтық тұрғыдан тосқауыл қоюға бағытталған.
«Ақорданың бұл қадамы ішкі тұрақтылығымызға нұқсан келтіргісі келетін күштерге тосқауыл болады. Өйткені Конституциядағы жекелеген баптарға нақты құқықтық түсіндірме берілді», – деп жазды ол.
Ләззат Ахатова Конституциялық Соттың түсіндірмесі 1995 жылғы Конституция мен жаңа Конституцияның екі бөлек құқықтық жүйе екенін растағанын атап өтті.
«Демек, бұрынғы Конституция кезіндегі өкілеттіктер жаңа Ата заң бойынша есепке алынбайды. Бірақ ескере кететін мәселе бар. Конституциялық Сот Президенттің қайтадан сайлауға түсуге құқығы бар екенін растады. Бірақ Тоқаев алдағы сайлауға міндетті түрде қатысады деген сөз емес», – деді адвокат.