Қоғам

Зайсан көлінде суға кеткен екі балықшының денесі табылды

Зайсан көлінде суға кеткен екі балықшының денесі табылды

Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданындағы Зайсан көлінде қайық аударылып, суға кеткен екі балықшының денесі табылды. Осыдан кейін іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Оқиға 15 қыркүйекте Тұғыл ауылдық округі маңында болған. Үш ер адам көлге қайықпен балық аулауға барған. Қатты желдің салдарынан қайық аударылып кеткен.

1968 жылы туған балықшылардың бірі өздігінен жағаға шығып, жергілікті тұрғындардың көмегімен құтқарылды. Ал 1968 және 1995 жылы туған екі ер адам суға батып кеткен. Қаза тапқандардың құтқару кеудешелері болмаған.

Оқиға туралы ақпарат түскеннен кейін Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел штабы құрылып, іздестіру жұмыстарына құтқарушылар, сүңгуірлер, катерлер, қайықтар, ұшқышсыз ұшу аппараттары және суасты дроны жұмылдырылды.

Бүгін іздестіру жұмыстары барысында жергілікті тұрғындар 1968 жылы туған балықшының денесін тапты.

Ал 1995 жылы туған екінші балықшының денесін ТЖМ сүңгуірлері жағадан 8,9 шақырым жерден анықтады.

Іздестіру жұмыстары тәулік бойы жүргізілді. Құтқарушылар көлдің едәуір бөлігін тексеріп, сүңгуірлер суға сегіз рет түскен.

Жұмысқа көлдің тереңдігі, түбінің күрделі жер бедері және су астындағы көрінудің нашарлығы кедергі келтірген. Соған қарамастан құтқарушылар арнайы іздеу құралдары мен суасты жабдықтарын пайдаланып, іздестіру жұмыстарын толық аяқтады.

Барлық жаңалық