2023 жылдың 24 ақпанында Darkhan Juzz атымен танымал болған қазақстандық музыкант Дархан Жүнісбеков Таиландта қаза тапты. Желіде әншінің өз қазасын болжаған сұхбаты тарады, деп хабарлайды Оzgeris.info.
"Мен әрі кетсе 36-37 жасқа дейін өмір сүремін деп ойлайтынмын. Кейін бір қайғылы оқиғадан көз жұмамын. Мен өмірімді осылай елестеткенмін. Қазір мен жұлдыз боламын, сахнаның сәніне айналамын кейін жоқ боламын. Бірақ арада уақыт өткен соң бұл ойымнан айныдым. Бақытты өмір сүргім келеді. Қартайғанша жүріп немерелерімді көргім келеді. Жарқын болашақты көріп, салауатты өмір салтын ұстанғым келеді", - дейді ол өзінің сұхбатында.
Музыканттың бұл сөздерінен кейін желі қолданушылары түрлі пікір жазды.
"Бәрін сезген екен ғой", "Періштелер "әмин" деді ме екен", "Ерте кеттің ғой казір тірі болғаныңда талай белестерді бағындырар едің", “Жақсы сөз сөйле немесе үндеме” деген осы", деп жазды әншінің жанкүйерлері.
Еске салайық танымал әнші Darkhan Juzz 24 ақпан күні Таиландта жол апатынан 33 жасында қаза тапты. Кейін Жүздеген алматылық қолдарына гүл шоқтары мен шам ұстап Арбатта қазақстандық музыканттың әндерін орындап, сол арқылы оның рухына тағзым етті.