Жылдың алғашқы жартыжылдығында Yandex Qazaqstan платформасында жұмыс істейтін жүргізушілер 3 млрд теңгеден астам салық пен әлеуметтік төлемдер төледі, деп жазады Ozgeris.info.
Компанияның дерегінше, жыл басынан бері 85 000 такси жүргізуші мобильді қосымша арқылы қызмет көрсетіп, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Осылайша олар табысын заңды түрде көрсетіп, салық пен әлеуметтік аударымдарды уақытылы төлеп келеді.
– 2024 жылдың қыркүйегінен бастап «Яндекс Такси» компаниясы қосымшаны пайдаланатындар үшін салық агенті болып тіркелді. Бұл дегеніміз – жүргізушілер табыс салығын, медициналық сақтандыру жарнасын, әлеуметтік және зейнетақы аударымдарын өз бетінше есептеп, төлеуден босатылады. Барлық есептеу мен аударымдарды біз автоматты түрде жүргіземіз, – деді Қазақстандағы Yandex Такси басшысы Тайыр Байдүйсен.
Компания өкілдерінің айтуынша, жаңа жүйенің арқасында жүргізушілердің әлеуметтік қорғалуы айтарлықтай артқан. Қазір олардың барлығы міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне қосылған, әлеуметтік төлемдерге және зейнетақы жинағына қол жеткізе алады.
– Қарапайым тілмен айтқанда, бұл жүргізушілер енді тек табыс тауып қана қоймай, болашағына да сенімділікпен қарай алады. Олар медициналық көмекке жүгінгенде, жұмыссыз қалса немесе зейнет жасына жеткенде мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауға ие болады, – дейді компания сарапшылары.
Yandex Qazaqstan 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстанда жұмыспен қамту саласындағы пилоттық жобаны алғаш болып іске қосты. Осы сәттен бастап компания салық агенті ретінде табысты есептеу, салықтарды ұстау және аудару жұмыстарын өз мойнына алған. Осы аралықта компания бюджетке 4,3 млрд теңгеден астам салық және әлеуметтік төлем аударған.
Бұл тәжірибе цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтін адамдардың да ресми экономикаға енуіне мүмкіндік беріп отыр. Сарапшылардың пікірінше, мұндай модель басқа да салаларға енгізілсе, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың құқықтық және әлеуметтік мәртебесін жақсартуға мүмкіндік туады.
Цифрлық платформалармен жұмыс істейтін азаматтар көбіне бейресми еңбек қатынасына түсіп, зейнетақы немесе әлеуметтік төлемдерден тыс қалып жатады. Yandex Qazaqstan ұсынған модель осы олқылықты жүйелі түрде шешуге жол ашты.